Бельгия экономикасы жаһандық жылынудың салдарынан құлдырау қаупінде тұр
Жаңа зерттеуге сәйкес, шамамен 25 жылдан кейін елдің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.
Елдің Жоспарлау жөніндегі федералдық бюросы мен Климаттық тәуекелдерді бағалау орталығының болжамы осындай.
Зерттеу авторлары күн ысып, жауын-шашын мөлшері өзгерсе, екі түрлі сценарий күтуге болатынын айтады. Егер ауа температурасы 2 градусқа көтерілсе, 2050 жылға қарай Бельгияның жалпы ішкі өнімі 2,8 пайызға, ал 3 градусқа жылынса, экономика шамамен 5 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.
Су тасқыны мен дауыл сияқты табиғи апаттар кезінде ел экономикасына келетін шығын бұдан да зор болып, оның көлемі жалпы ішкі өнімнің 12 пайызына дейін жетуі ықтимал. Сондай-ақ климаттың өзгеруі елдің қаржылық жағдайына да әсер етпек. Егер жаһандық жылыну күшейсе, Бельгияның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің тағы 15 пайыздық үлесіне ұлғаюы мүмкін. Мұндай болжамдар тек Бельгияны ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Халықаралық ұйымдар климаттың өзгеруінің ғаламдық экономикаға қауіп төндіріп отырғанын айтып, бірлесе әрекет етуге шақырады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Біз таза энергияға көшуді жылдамдатуымыз керек. Электр желілері менэнергия сақтау жүйелеріне инвестиция құйып, жаңартылатын көздердің толық мүмкіндігін ашуымыз қажет. Дамушы елдердегі жасыл жобаларға инвестиция құю жолдарын жеңілдету керек.
Еуропалық одақ климаттық өзгеріске қарсы күрестің нақты жоспарын әлі бекіткен жоқ. Себебі оған мүше мемлекеттер орта мерзімді мақсаттар бойынша ортақ шешімге келе алмады. АҚШ президенті жаһандық жылынуды «әлемде бұрын-соңды болмаған ең үлкен өтірік» деп атады. Ал ең көп көмірқышқыл газын шығаратын Қытай керісінше, 2020 жылмен салыстырғанда жел және күн энергиясын 6 есе арттыруға, экологиялық көлікті жаппай қолжетімді етуге және климатқа бейімделген қоғам құруға уәде беріп отыр.
Андре Корреа Ду Лагу, СОР 30 климаттық саммитінің президенті:
- Қытай аккумулятор, электромобиль, күн панелі және жел генераторы өндірісінде сөзсіз көшбасшы болып отыр. Бұл ел халықаралық үндеуге тіл қатып, өндіріс көлемінің арқасында «жасыл технологияларды» жаппай қолжетімді етті. Бұл бүкіл әлемнің таза энергияға көшуін жеделдетіп отыр.
Жаһандық жылыну Бельгияның ғана бас ауруы емес. Германия ауыл шаруашылығының өнімділігі де төмендеп, инфрақұрылым шығындары артуы мүмкін. Францияда шарап өндірісі мен жағалаудағы аймақтар зардап шегеді деген қауіп бар. Италияда қуаңшылық бола қалса, энергетика мен ауыл шаруашылығына қатер төнбек. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамынша, егер жаһандық жылыну 3 градустан асса, ғасыр соңына қарай әлемдік жалпы ішкі өнім 10–15 пайызға азаюы ықтимал.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы