Эр-Риядта ғаламдық киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық форум өтіп жатыр
Әлемде кибершабуылдар экономиканың нақты секторларына нұқсан келтіріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, тасымал саласы көп зиян шегуде. Оған қоса, зауыттар мен фабрикаларға жиі қауіп төнетін болды. Бұл жайында Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтіп жатқан киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық форумда айтылды. 60-қа жуық мемлекет өкілі қатысқан жиында жаңа жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп төтеп беру жолдары талқыланып, бірқатар маңызды ұсыныс жасалды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Жылына миллиондаған тонна мұнай өндіріп, онымен әлемнің 5-тен бір бөлігін қамтып отырған Саудия киберқауіпсіздікке шынайы алаңдай бастады. Өйткені хакерлер бірнеше рет елдің цифрлық қорғанысын бұзып, экономикасына жойқын соққы жасауға талпынған. Дер кезінде қабылданған шешім жаһандық тасымал тізбегін сақтауға сеп болды. Ресми Эр-Рияд кибершабуылға төтеп беретін компания мен орталықтарды көбейтіп, білікті мамандар тобын жасақтады. Мемлекет оларға «этикалық хакер» атауын берді.
Уаел Фатух, Сауд Арабиясы Ақпараттық технология компаниясы басшысының бас кеңесшісі:
- Киберқауіпсіздік жайлы әркез әңгіме қозғалғанда тасымал саласындағы түйінді түйткілдерді естен шығармаған жөн. Осыған байланысты таяуда көп келеңсіз жағдай болды. Хакерлердің кесірінен Еуропа әуежайлары бірер сәтке дағдарып қалды. Танымал маркадағы автокөлік шығаратын зауыт жұмысы кілт тоқтады. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс кезінде кибершабуылдар инфрақұрылымды қирату үшін қолданылды. Мұның бәрі жай ғана мысал емес, жаһандық тұрақсыздыққа әкелетін құбылыс. Осы жайттарды ескере отырып, хакерлер туралы түсінікті өзгертіп, оларға қарсы тұтастай қорғаныс жүйесін әзірлеуіміз керек. Саудияда бұл іспен арнайы мамандар тобы айналысып жатыр.
Жалпы Саудияда кең ауқымда өтіп жатқан форумға ондаған мемлекет өкілі жиналды. Еуропа және НАТО-ға қарасты ұйымдардың киберқауіпсіздігі зерделенді. Батыс мемлекеттері бұл салада күш біріктіріп қана қоймай, біркелкі талап һәм заң шеңберінде ұлттық заңнамасын жетілдірген. Мәселен, Румыния цифрлық біліктілікке баса назар аударуға көшкен. Мамандардың пайымы бойынша адамзаттың ең осал тұсы осы. «Әрбір құпиясөз, дерек көздің қарашығындай қорғалмаса бәрі бекер», - дейді. Ал инвестицияның қайтарылуы уақыт еншісінде. Кейін экономикаға тікелей болмаса да, жанама пайда әкеледі.
Дан Чимпеан, Румыния Ұлттық қауіпсіздік дирекциясының директоры:
- Цифрлық саланың қорғаныс жүйесіне салынған инвестиция өте маңызды дер едім. Әрине, ол көп ақшаны қажет етеді. Сондықтан мұндай ауқымды шаруаны бірнеше елмен бірігіп атқару қажет. Мүмкіндік сол кезде молая түседі. Бір елдің екінші мемлекетке ұсынары, тәжірибесі, бәрі де бір-біріне сеп болады. Әріптестікті осы бағытта өрбітудің тиімділігі зор. Біздің жағдайда Румынияға Еуроодақ және НАТО-ның қорғаныс секторындағы пайдасы тиді. Сөйтіп, әлеуетімізді арттырып алдық.
Киберқауіпсіздік секторын маман жетіспеушілігі де қинайды. Мемлекет бұл кәсіпке деген жастардың қызығушылығын арттырып, қосымша ынталандырса, бәрі қалпына келуі де ықтимал. Бұл пікірді Албания үкіметінің өкілі қуаттайды. Арнамызға арнайы сұхбат берген Игли Тафа кибершабуылдардан ұжым болып қорғанудың тиімділігіне тоқталды.
Игли Тафа, Албания Республикасы Ұлттық киберқауіпсіздік басқармасының бас директоры:
- Албания да – Еуроодақтың бір бөлшегі. Осы ерекшелік бізге барлық талапқа сай заңнамалық талаптарды енгізуге жол ашты. Өңірлер арасында әріптестік артып, басқа да мемлекеттермен ынтымақтастық жолға қойылды. Бір-бірімізден үйренеріміз, үлгі қыларлық дүниелеріміз көп. Қазір Балқан елдері киберқауіпсіздікке қатысты заңды біркелкі қолдап жатыр. Кибершабуылдарға қарсы ұжымдық күш жігерімізді біріктіріп, сын-қатерлерге төтеп береміз. Айтқым келгені, бұл тәуекелдерді болдырмас үшін заңнамалық жүйе бір ғана елде емес, аймақтағы басқа да мемлекеттерде қалыптасуы керек. Әйтпеген жағдайда алғашқысының осалдығынан ұжым болып зардап шегеміз.
Форумда сарапшылар түрлі бағытта ой өрбітіп қана қоймай, ортақ шешімге келді. Әсіресе, балаларды интернет кеңістігіндегі шабуылдардан қорғауға арналған халықаралық стандарт әзірленетін болды. Одан бөлек, инфрақұрылым желілерін күшейту бастамасы сөз болды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Кибер қылмыскерлер қазір ешбір шекараға бағынбайды. Цифрлық қорғаныс жүйесін әлсіз деп тапса, кез келген елді нысанаға алып, маңызды экономика салаларын тұралатып тастайды. Қарапайым жұртты да жасы не жынысына қарамай, сан алуан тәсілмен алдап соғады. Әмиянын әп-сәтте сілкіп алуы әбден мүмкін. Араб елдері мұндай сын-қатерден ада емес. Сондықтан киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылар мен мамандар цифрлық қорғанысқа көп көңіл бөлу керегін ескертеді.
Авторы: Рауан Мыңбай