Францияда жаңа премьер отставкаға кетті
Францияда қайта саяси дағдарыс. Республика тағы Премьер-министрсіз қалды.
Өткен қыркүйек айының 9-ы күні үкімет басшысы етіп тағайындалған Себастьян Лекарню отставкаға кетті. Оған себеп бюджет дауы.
Франция үкіметін небәрі 27 күн басқарған премьер-министр Себастьян Лекорню бүгін таңертең отставкаға кетті. Ол Республика тарихындағы аз уақыт қызмет еткен бесінші премьер болып қалады.
Жексенбі күні ғана құрылған жаңа үкімет те рекорд жаңартты - бар болғаны 12 сағат жұмыс істеді. Министрлер тізіміндегі 18 адамның 12-сі бұрын Макрон үкіметінде қызмет еткен. Бұл оппозицияға ұнамайтын жайт. Матиньон резиденциясында сөйлеген сөзінде Лекорню соңғы айда жұмыс берушілер мен кәсіподақтармен байланыс орнатуға тырысқанын айтты. Талқыланған басты тақырыптар - жұмыссыздық сақтандыруы, еңбек жағдайы және әлеуметтік қамсыздандыру. «Алайда Парламенттің осындай қарсылығында жұмыс істеу мүмкін емес», - деді экс-премьер.
Себастьян Лекорню, Францияның бұрынғы премьер-министрі:
- Саяси партиялар кейде Конституцияның 49.3-бабын қолданбау шешімінің мәнін, оның саяси жүйеге әкелген түбегейлі өзгерісін мойындамайды.партиялар әлі де Ұлттық жиналыста өздерінде толық көпшілік бардай әрекет етеді. жаңа үкіметті жасақтау процесі партиялық мүдделерді, соның ішінде болашақ президенттік сайлауға байланысты амбицияларды оятты.
Атап өтілген бап - заңның ең даулы тұсы. Ол үкіметке парламент дауыс бермей-ақ заң қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тетік парламенттегі саяси тұйықтан шығу үшін енгізілген.
Лекорнюдың айтуынша, қазір Франция дәл сондай тұйық жағдайда тұр. бюджет қысқартылуы қажет. Бірақ бұған кәсіподақтар қарсы болды, елде қыркүйекте бірнеше рет үлкен наразылықтар өтті.
Лекорнюдің отставкасына Оппозицияның жауабы да дайын болды. «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен Макронды Ұлттық жиналысты таратып, жаңа сайлау өткізуге шақырды. Қазір француздардың басты назары - Макронның келесі шешімінде. Айта кетсек, Франция 2024 жылдың қыркүйегінен бері саяси дағдарыс жағдайында. Лекорню соңғы екі жылда қызметінен кеткен бесінші премьер-министр болды. Сол кезде өткен кезектен тыс сайлаудан кейін парламент үшке бөлініп, ешбір партия көпшілік дауысты ие бола алмады.
Авторлары: Айдана айтбекқызы, Руслан Омиржан