Әлем бойынша майнингке деген қызығушылық артып келеді

Жүздеген ірі халықаралық компания оның тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруды көздеп отыр. Мәселен, Канада билігі криптовалютаны жаңартылатын энергия көздері арқылы өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал АҚШ-та мұндай тәсілдер әлі кең тарала қойған жоқ. 

АҚШ-та ірі криптовалюта өндіретін 137 майнинг фермасы тіркелген. Олар елдің 21 штатында, негізінен Техас, Джорджия және Нью-Йоркте шоғырланған. Барлық кәсіпорындар ресми рұқсатқа ие және салық төлейді. Ережені бұзғандарға 250 мың долларға дейін айыппұл салынады. Кейбір жағдайларда заңсыз майнинг үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

АҚШ Энергетикалық ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша криптовалюта өндірушілер елдегі жалпы электр энергиясының екі пайызына дейін тұтынады. Сондай-ақ жабдықтардың қызып кетуінің алдын алу үшін көп мөлшерде су пайдаланады. Ол салқындату жүйелерінде қолданылып, кейін су қоймаларына қайта жіберіледі. 

Канадада майнингпен айналысатын кәсіпкерлер жаңартылатын энергия көздерін жиі тұтынады. Елде «Таза цифрлық энергия» деп аталатын жоба бар. Мәселен, Альберта провинциясындағы деректер орталығы күн, жел және табиғи газ энергиясын пайдаланып, биткойн өндіреді. Бұл экологиялық зиянды азайту мақсатында қолға алынған. Канадада заңсыз майнингке қарсы шаралар қатаң. Манитоба провинциясының билігі 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін жаңа майнинг фермаларын электр желісіне қосуды уақытша тоқтатты. Бұған себеп – электр қуатының тапшылығы.

Ресейде майнингпен айналысатын нысандар саны артып келеді. Биыл жыл басында елде 136 мыңнан астам майнинг кәсіпорны тіркелген. Жалпы қуаты 11 гигаваттан асады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жеті пайызға жоғары. Негізгі фермалар Иркутск облысында, Мәскеу мен Пермь аймағында орналасқан. Заңсыз майнинг үшін жеке тұлғаларға 200 мың рубль, ал заңды тұлғаларға 2 млн рубльге дейін айыппұл салынып, өндірілген криптовалюта тәркіленеді. Былтыр күзде  күшіне енген «Майнинг туралы» заңға сәйкес криптовалюта өндіруге арнайы мемлекеттік реестрге тіркелгеннен кейін ғана рұқсат беріледі.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Әсел Абдыхалықова