Жасыл энергияға жаһандық бетбұрыс

Жасыл энергетикаға қатысты жаңа талдау нәтижесі таңқалдырды.

 Әлемде күн мен желден алынатын энергия көлемі бұрынғыдан да жылдам қарқынмен дамып келеді. Бұл жаңартылатын қуат көздері жаһандық қажеттіліктің едәуір бөлігін өтей алады дегенді білдіреді. Бірақ қуануға әлі ерте. Көптеген ел әлі де дәстүрлі газ бен көмір секілді сарқылатын қуат көздеріне тәуелді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- 2025-тің алғашқы жарты жылдығында күн энергиясының өндірісі 31 пайызға, ал жел қуатыныкі 7,7 пайызға артқан. Британиядағы Ember сараптау орталығының есебінше, 6 айда күн мен жел станциялары жүздеген миллион үйді электр энергиясымен қамтуға жетерлік қуат өндіріп, алғаш рет көмір энергетикасын артта қалдырып отыр.

Сарапшылар бұл жетістікті Қытай мен Үндістандағы жасыл энергетиканың шапшаң дамуымен байланыстырады. Мәліметтерге сенсек, егер экологиялық таза қуат көздеріне салынған инвестиция көлемі үзілмей жалғаса беретін болса, адамзаттың қоршаған ортаны ластайтын энергия көздерімен қош айтысатын күні алыс емес.

Малгожата Виатрос-Мотыка, Ember орталығының аға сарапшысы:

- Қытай бүгінде көмірқышқыл газын өте көп өндіретін ел, бірақ сонымен қатар ол күн мен жел энергетикасы және электромобиль өндірісінде алдыңғы қатарда тұр. Үндістан да өсіп келе жатқан энергия сұранысын таза қуат көздері арқылы өтей алатынын көрсетті.

Дегенмен, дүниежүзілік энергияның шамамен 80 пайызы әлі де сарқылатын көздерден — көмір, мұнай және табиғи газдан алынады. Үндістан мен Қытайға қарағанда Еуропадағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі аздап төмендеді. Бұған әлсіз жел, құрғақшылық және энергия тапшылығын газ бен көмір арқылы толтыру қажеттігі себеп болды. Соның салдарынан Еуроодақ әлі де сыртқы энергия импортына, әсіресе АҚШ, Катар және Норвегиядан әкелінетін сұйытылған табиғи газға тәуелді. Халықаралық ұйымдар дабыл қағудан шаршамақ емес.

Лорна Голд, LAUDATO SI' экологиялық қозғалысының атқарушы директоры:

- Біз әлем көшбасшыларының келер ұрпақ үшін климатты қорғау бағытында жеткілікті деңгейде әрекет қылмай отырғанын білеміз. Дағдарыстың тереңдей түсуі мен оның ең кедей халықтарға және жер-анаға тигізген әділетсіз ықпалы бізді алаңдатады. Қынжылтарлығы қазба отынынан тезірек бас тарту ісінде айтарлықтай ілгерілеу жоқ.

АҚШ-тағы таза энергия нарығы қыспаққа түсті. Дональд Трамп әкімшілігі мемлекеттік саясаттың басым бағытын жаңартылатын қуат көздерінен гөрі көмір, мұнай және газ өндірісіне бұрды. Алдыңғы президент тұсында басталған жасыл жобалар тоқтатылып, экологиялық технологияларға бөлінген қаражат қысқартылды. Климатты реттеуге қатысты шаралар да жойылды, ал жел энергетикасының дамуы тіпті тұралап қалды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бұған қоса Ақ үй көмір өнеркәсібіне қойылған шектеулерді алып тастап, экологиялық тыйымды екі жылға тоқтатты және бірқатар өнеркәсіп орнына миллиондаған доллар субсидия бөлді. Сарапшылар мұндай саясаттың салдары жақсылыққа әкелмейтінін және әлемдік энергетиканың жасыл бағытқа көшуін тежейтінін айтады.

 Ғалымжан Қараманұлы