Кембридж университетінде Ботай мәдениеті таныстырылды

Әлемдегі ірі ғылыми орталықтардың бірінде Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихынан сыр шертетін көрме ашылды. Жобаның басты мақсаттарының бірі — байтақ даланың бай мұрасын ЮНЕСКО-ның тұрақты тізіміне енгізу үшін оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстарын жалғастыру, деп хабарлайды 24KZ.

Ботай — біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдықтарда Солтүстік Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі тайпалар мәдениеті. Жылқыны қолға үйрету осы кезеңде басталған. Шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Әлібек Бақаев өңір тарихын әділ зерделеудің және қос ел арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтудың өзектілігі туралы баяндады. «Ботай — Ұлы дала мәдениеті» көрмесін Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігі дайындаған. Келушілерге мұражай қорынан алынған ежелгі жәдігерлер, бұйымдар және бейнелеу өнерінің 22 туындысы ұсынылды.

Ғани Омаров, Әл-фараби атындағы ҚазҰУ Археология және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Арадағы меморандумның нәтижесінде біздің жас ғалымдарымыз осы институтта тағылымдамадан, тәжірибеден өтіп жатыр. Осындай үлкен байланыстар болып жатыр. Бұл тек қана осымен ғана бітіп қоймайды.

Бұл күні сондай-ақ Кембридж университетінің Макдональд археологиялық зерттеулер институты «Еуразиядағы ежелгі қарым-қатынастарды зерттеудің жаңа бағыттары» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырды. Шараға Қазақстан, Ұлыбритания және басқа да елдердің жетекші археологтары мен зерттеушілері қатысты. Конференция бағдарламасы қола мен темір дәуірінен бастап, орта ғасырлар мен көшпелі қоғамдарға дейінгі Еуразия тарихының ауқымды мәселелерін қамтиды.

Алан Оутрум, Эксетер университетінің археологиялық ғылымдар профессоры:

- Ботайды зерттеу жұмыстары көп жылдан бері осында, Кембриджде, сондай-ақ басқа да Британ білім ордаларында, соның ішінде өзім еңбек ететін Эксетер университетінде қазақстандық археологтармен бірлесе жүргізіліп келеді. Жылдар бойы жасалған еңбектің нәтижесін бүгінгі конференциядан көру — біз үшін үлкен қуаныш.

Сондай-ақ оқыңыз: