БАӘ Қазақстанды Республика күнімен құттықтады

Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан халқын Республика күнімен ерекше үлгіде құттықтап, құрмет көрсетті. 

Айтулы датада Абу Даби мен Дубайдың ең биік екі ғимаратында көк туымыз бейнеленді. Бұл сәтті қала тұрғындары мен миллиондаған турист тамашалады.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Жұмыр жер мен зеңгір көк арасын жалғаған заманауи сәулет өнерінің ерекше туындысы биыл да тұғырлы туымыздың түсіне енді. Жалпы аумағы 300 мың шаршы метр, ал биіктігі 163 қабатты ғимаратта айбарлы байрағымыз көрініс тапты. Бұл әмірлік халқының елімізге деген ыстық ықыласы, қала берді шексіз құрметінің белгісі.

Кейінгі 17 жыл бойы әлемдегі ең биік ғимарат мәртебесін Бурдж Халифа иемденіп келеді. Оған теңесетін немесе асып түсетін нысан әлі бой көтермеді. Іргедегі араб елдері, соның ішінде Сауд Арабиясы бұдан да зәулімін саламыз дегенімен, жобаның нақты қашан жүзеге асары белгісіз. Демек, әзірге Халифа мұнарасы бірегей. 

Әсемхан Өксікбаев, Қазақстан азаматы:

- Біздің туымыз сондай үлкен ғимаратта, сол үшін бүкіл ауқымды көру үшін келдік. Ғажайып сезім. 

Әлем Ыбыраев, Қазақстан азаматы:

- Қобалжып тұрмын. Себебі осындай жерде туды көріп, мақтан тұтып жатырмын. Сосын қазақтарды көріп қуаныштымын.

Данияр Көркембаев, Қазақстан азаматы:

- Туған жерде тұрып жатқан шетелде жүрсе де барлығына тек жақсылық тілеймін. Қай жерде жүрсе де бірлігіміз кетпесін. 

Биіктігі 828 метр болатын нысан мемлекетке ұдайы табыс әкеліп отыр. Қас бетінде шағын ғана 3 минуттық жарнаманы жариялау құны 37 млн теңгеге тең. Бірақ біздің жағдай басқа. Елдік әрі егемендік нышанымызға еш төлем жасалған жоқ. 

Абдулазиз Саид, Дубай тұрғыны:

- Қазақстанға бар жақсылықты тілеймін. Елдеріміз арасындағы байланыс беки берсін! Сіздің мемлекетке деген құрметім ерекше. 

Дэвид Солет, турист:

- Бұрын қазақ елі жөнінде көп білмейтін едім. Кейінгі жылдары жиі естіп жүрмін. Бұл елдің азаматтары өте жақсы. Білімді әрі жан-жақты. 

Республика күніндегі әмірлік үкіметінің ықыласы қалың қарашаның көңілінен шықты. Өзара достық ұғымы тереңдеді. Тек Дубай емес, Абу Дабидің «ADNOC» мұнарасы да жылдағы дәстүрді үзбей, Қазақстан халқын өзіндік үлгіде құттықтады. 

Рауан Мыңбай