Римде Ш. Уәлиханов туралы кітаптың тұсаукесері өтті
Этнограф Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен еңбектері енді италиялық оқырманға да таныс болады.
Римде «Шоқан Уәлиханов және қазіргі Қазақстанның бастауы» атты монографияның таныстырылымы өтті. Ұлы қазақ ғалымының 190 жылдығына арналған бұл еңбек алғаш рет итальян тілінде жарық көрді. Жұмыс сапарының соңында тұсаукесерге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Ол Уәлихановтың зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастыққа Орталық Азия халықтары мен мемлекеттерінің бай мәдениеті мен өркениетін, сондай-ақ қазақ халқының рухани мұрасын танытқанын атап өтті. Белгілі этнографтың өмірбаянын италиялық профессор Федерико Пасторе жазған. Ол ғалымның өміріне қатысты қазақстандық деректер мен мұрағаттарды көп жылдар бойы зерттеген. Кітап Италиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, «Каспий Нефть» компаниясы мен Doscar Foundation Charity Fund қорының демеушілігімен басылып шықты. Зерттеу еңбегі ағылшын тілінде де қолжетімді.