Қытайдың экспорты қысқарды

Қытай тауарын сыртқа шығаруға ғана құштар емес, импортты да құшақ жая қарсы алады.

1 миллиардтан асатын адамды таңдай қақтырып, тамсандыратын тауарың болса, Қытайға есік ашық. Бейжің таяуда жаңа бағдарламасын жарялады. «Жалпыға ортақ алып нарық: Қытайға экспорт» деп аталады.

Әдетте әр ел керісінше өзінің экспорт әлеуетін арттыруға күш салады. Ал Бейжіңнің импортты ұлғайтуының сыры неде?

Қытай жылда 5-6 елді ғана таңдайды. Солардың өнімдерін нарығына молынан кіргізеді. Блумберг басылымының дерегі бойынша Бейжің тіпті «мақсатты сатып алу» тетігін іске қоспақ. Яғни ұлттық компанияларын таңдалған елдің өнімін сатып алуға міндеттейді. Сондай-ақ көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырады. Демек, шетелдік кәсіпкерлер тауарларын тікелей қытайлық тұтынушылар мен компанияларға ұсына алады. Қытайдың ішкі нарығына цифрлық платформалар арқылы кіруіне жағдай жасайды. «Алибаба» мен «Пиндуодуо» сияқты ең ірі онлайн сауда алаңдарында арнайы интернет дүкендер ашып береді. Мұны техникалық жағынан қолдайды. Жарнама жасауға көмектеседі. Әдетте кез келген ел импортқа тәуелділіктен арылуға тырысады? Қытайдың бұл шешіміне не себеп дерсіз? Мұны Қытайдың сауда министрі былай деп түсіндірді.

Ван Вэньтао, ҚХР Сауда министрі:

- Бағдарламаның мақсаты - Қытайды экспортқа ең тиімді бағытқа айналдыру және көп елдің дамуына сеп болу. Бұл Қытайдың институционалды ашықтығын дамытуға және импорт пен экспортты ілгерілетуге бағытталған қадам. 

Серіктес елдің өндірісі дамыса, бірінші кезекте Қытай ұтады. Өйткені сауда артып, аймақтық байланыс нығаяды. Яғни Бейжің үшін бұл өз нарығын кеңейтудің амалы. Былтыр біздің Қытаймен алыс-берісіміз 44 млрд долларға жетті. Бұл рекорд. Бейжіңнің импортты арттыруға бағытталған жаңа бағдарламасы екі жақты сауда-саттықты одан әрі еселеуге сеп бола алады әрине. 

Қазір бүкіл әлем Қытай тауарларының әлемдік нарықты жаулап алғанынан қауіптенеді. Тіпті Президент Трамптың өзі Бейжіңге кіріптар болып келдік деп, жыл басында жоғары баж салығын енгізген еді. Бұл Қытайдың Құрама Штаттарға тауар кіргізуін 25 пайызға азайтты. Бірақ бұған асып-сасып жатқан Бейжің жоқ. Өнімдерін әлемнің өзге елдеріне шығарды. Десе де, бұл қадамы бұрынғы АҚШ экспортынан түсетін табыстың орнын толтыра алмай тұр әзірге. Өткен айда Қытайдың сыртқы саудасы былытрғымен салыстырғанда 1 жарым пайызға төмендеді.

ЦИТАТА:  Дэвид Ку, Bloomberg Economics сарапшысы

Қазан айында Қытай экспорты күрт азайды. Бұған Құрама Штаттардың жоғары баж салығы мен жаһандық саудадағы белгісіздіктің әсері бар. Енді Бейжің ішкі нарықты қолдауды тоқтатпауға тиіс. Әйтпесе Қытай экономикасының өсімі баяулауы мүмкін.

ДСҰ: Оқшаулану жаһандық сауданы тежеп жатыр 

Осыдан 10-15 жыл бұрын әлем елдері жаппай Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуға ұмыталатын. Алайда Президент Трамп билікке келгелі АҚШ оқшалану саясатын жүргізе бастады. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры, бұл әлемдік сауданың қарқынын тежеп отыр, деп санайды. Нгози Оконджо-Ивеаланың айтуына қарағанда, ішкі саудадан экономикаға тиетін пайда елеусіз. Қарапайым алыс-берістен гөрі, жаһандық сауданың кірісі зор, дейді ол.

Нгози Оконджо-Ивеала, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:

- Әлемдік деңгейдегі мәселелерді ешбір ел өздігінен шеше алмайды. Бұл үшін жаһандық ынтымақтастық қажет. Сондықтан интеграциялану үрдісі маңызды болып қала береді. Ұйымдарды тиімділігін арттыру үшін реформалар қажет. Осы ретте Дүниежүзілік сауда ұйымы атсалысуға дайын. Егер АҚШ пен Қытай, яғни әлем екі сауда тобына бөлінсе, жаһандық Жалпы ішкі өнім құлдырайды.

Халықаралық Валюта қоры Бас директорының пікірі де осыған саяды. Кристалина Георгиева АҚШ-тың жоғары тарифтеріне қарамастан, алыс берісті тоқтатпау керек дейді. Өйткені жаһандық сауда болмаса, әлемдік экономика құрдымға кетеді. 

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының бас директоры:

- Сын қатерлі кезеңде жеке сектор әдетте тез бейімделеді. Жаңа мүмкіндіктер іздейді және жұмыс орындарын ашады. Сондықтан әлем елдері реформалар арқылы жеке бизнесті қолдауға тиіс. 

Дүниежүзілік сауда ұйымының болжамы бойынша келер жылы жаһандық сауда 1,8 пайыз өседі. Яғни алыс-беріс жалғасады. Бірақ бұрынғы қарқыннан әлдеқайда баяу болады. Вашингтон протекционизм, яғни өз нарығын қорғау саясатын күшейтсе, Бейжің керсінше нарығын ашып жатыр. Себебі жабық елдің дамуы екіталай. Мұны Қытай жақсы түсінеді. Сондықтан импортқа есік ашуының басты себебі де осы.