Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттады

Әлемде азық-түлік бағасы шарықтап барады.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы құрылымының дерегі бойынша 2024 жылы жаһанда 673 млн адам, яғни дүниежүзі халқының 8,2% аштықтың зардабын тартқан. Бүгінде әлемдегі азық-түлік қоры қандай? 

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, кейінгі жылы астық пен қант бағасы 15–20 пайызға өсті. Сарапшылар мұны климаттық өзгерістермен, әскери қақтығыстар және экспорттық шектеулермен байланыстырады. Африкада аштық деңгейі шамамен 20, ал Азияда 6–7 пайыз деңгейінде. Инфляциядан азық бағасы шамамен 5–20  пайызға дейін қымбаттаған. Деректер көрсеткендей, азық‑түлік қауіпсіздігі жаһандық күнтізбенің басты мәселелерінің бірі болып отыр.

Кавех Захеди, БҰҰ Азық‑түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі:

- Бұл - болашақтың еншісіндегі мәселе емес, қазір болып жатқан жағдай. Климаттың өзгеруі азық‑түлік пен ауыл шаруашылығына әсер етуде. Өнімділік төмендеп жатыр. Ауа райының тұрақсыздығы фермерлерге егіннің бабын табуды қиындатады. Қазірдің өзінде ғаламдық ауыл шаруашылығының үштен бірі деградацияға ұшыраған.

Әлем елдері азық‑түлік жүйесін тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, ЕуроОдақ фермерлер үшін субсидияларды жеңілдетіп, су үнемдеу технологияларын енгізуге қыруар қаржы бөлді. Ал Common Agricultural Policy жүйесі фермерлерді қағазбастылықтан босатып, шаруашылық бастаймын дейтіндерге қолдау көрсетеді. Үндістан бидай экспортына уақытша шектеу қойса, Таиланд пен Вьетнам күрішті ішкі нарыққа бағыттап жатыр.

Сарапшылар экономикалық және климаттық тұрақсыздық жалғаса берсе, аштық пен қымбатшылық тек тереңдей түседі дейді. Мамандар бұл қиындықты тек бірлесіп еңсеру мүмкін екенін айтады. Қазір Бразилияда өтіп жатқан «COP30» климаттық саммитінің басты тақырыбы да осы мәселе төңірегінде. Саммитте жаһандық жылыну  тағамдық қауіпсіздікке тікелей әсер ететіні талқыланып, болашақ қадамдар жоспарлануда. Соның бірі – Белен декларациясы. Құжат жергілікті фермерлер мен кооперативтерді қолдау арқылы азық‑түлік қауіпсіздігін арттыруға басымдық береді.

Кавех Захеди, БҰҰ Азық‑түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі:

- Ауыл шаруашылығын қолдау - азық‑түлік қауіпсіздігінің кепілі. Өзгеріс енуі үшін осы бағыттағы қаржыландыруды арттыруымыз керек. COP-30 саммиті де әлем үшін өте маңызды сәт, себебі климат - Азық-түлік қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Егер қазір әрекет етпесек, алдағы онжылдықта кей өңірлерде жауын суымен егін егу мүлдем тоқтайды. 

Сарапшылар «нақты қадамдарсыз әлем халқын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін болмайды. Ал жаһандық ынтымақтастықсыз бұл мақсаттарға жету екіталай» - дейді. Сондықтан «COP30» саммитінде қабылданған шешімдер адамзат тағдырына әсер ететін тарихи келісімдерге айналуы мүмкін.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы