Жаһандағы жаңа туристік бағыттар
Араб мемлекеттері Қазақстандағы туризмді дамыту жобаларына жоғары баға беріп отыр.
Саудияда өткен ірі саммитте жаңа туристік бағыттардың қазіргі ахуалы мен келешегі талқыланды. Жиында Орталық Азия елдері де назардан тыс қалмай, саяхат саласындағы инновациялық шешімдер ерекше атап өтілді. Араб мемлекеттері келер жылы бірыңғай туристік виза енгізбек. Бұған дейін бастама тек сөз жүзінде қалып келген еді. Енді тараптар ортақ істі жеделдетіп, игілігін көруге асық. Мамандар мұндай шешімнің экономикалық әсері мол болады деген сенімде.
Саудия әлемде қара алтынды судай сапырып, қыруар пайда тауып отырған елдің бірі. Мұнай өндірісі ел экономикасының негізін қалыптастырып тұр. Туризм бұрын табыс көзі ретінде қарастырылмаған. Енді жағдай өзгерді. Эр-Рияд «Vision 2030» бастамасын жариялап, экономиканы әртараптандыруға бет бұрды. Биыл елде алғаш рет әлемдік туризмге арналған «Tourise» саммиті ұйымдастырылды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Саудиялықтар ойын-сауық саласында қолға алған ауқымды жобаның бірі 2034 жылғы футболдан әлем чемпионаты. Дүние жүзі тұтас көз тігетін бұл ірі бәсекені өткізу құқығын иемденген ел жаңа стадиондар құрылысына қызу кірісіп кетті. Солардың ішінде футуристік тұрғыда теңдессіз деп танылуы мүмкін мына футбол аренасының жобасы көпшілікті ерекше қызықтырып отыр. Бір ерекшелігі стадион жазық жерде емес, таулы- қыратты өлкеде орналасады және табиғи ортамен өзіндік үйлесім табады.
Мұндай спорттық іс-шаралар алдағы 10 жылда саяхат саласын түрлендіретін маңызды факторға айналуы мүмкін. Жаһандық футбол біріншілігін өткізген Катардың қысқа мерзімде танымал бағыт атанғаны осыған дәлел. Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия да туристер назарын көп аудара бастаған. Өңірде Қазақстан мен Өзбекстанға сапар шеккендер саны еселеп артып келеді. Мәдени және инновациялық жағынан бауырлас мемлекеттер ұсынатын қызмет тұтас аймаққа қатысты оң көзқарас қалыптастыруға сеп болды.
Наталия Баюна, БҰҰ-ның туризм бойынша атқарушы директоры:
- Орталық Азия қазір әлем назарында. Бұл аймақ жаңа туристік бағыт ретінде танымал. Әсіресе Қазақстанның мәдениеті мен оның халқы іске асырып жатқан инновациялық шешімдер көпті қызықтырып жатыр. Кейінгісі туризм саласына да енгізіліп, қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізуде. Осы артықшылықты одан әрі кәдеге жаратып, елге молынан саяхатшы және инвестиция тарта беру керек деп ойлаймын.
Ал араб түбегіндегі әмірліктер мұнай мен газ ғана емес, туризм арқылы да мыңдаған адамның қалтасын қағып жатқаны белгілі. Бұл үрдіс саяхат саласын табыс көзіне айналдыру мүмкін екенін көрсетті. Тіпті шығанақ елдері бірыңғай туристік виза енгізуге кіріскен. Бастама тек Саудия тарапынан қолдау таппай келген еді. Саммит қарсаңында Корольдік келер жылдан бастап ортақ жүйеге қосылатынын растады.
Марио Энзесбергер, халықаралық туризм заңнамасы саласындағы маман:
- Виза мәселесі туристік бағыттар үшін аса маңызды. Кей жерлерде ол тез шешімін табады. Айталық, Еуропадағы бірыңғай виза беру тәртібі сәтті жұмыс істеп тұр. Ал кей мемлекеттерде оған қол жеткізу тым қиын. Біз бүгін қатысып отырған Tourise саммитінде осы бағыттағы бірқатар бастама талқыланды. Араб елдері іске қосатын ортақ визаның заңнамалық негізі де қаралды. Ол саяхатшылар сапарын жеңілдетіп қана қоймай, аймақтағы мемлекеттерге мол пайда әкеледі.
Демек, алдағы жылдары араб елдері туризм саласынан бірлесіп пайда таппақ. Осы мақсатта аймақта жүрдек пойыз қатынасы жолға қойылады деген жоспар бар. Айта кетейік, осыған ұқсас бастамаларды Қазақстан мен Өзбекстан да қолға алды. Яғни көрші мемлекеттер көпжақты ынтымақтастыққа басымдық беріп, барлық тарапқа тиімді туристік бағыттарды іске қосты.
Рауан Мыңбай