Қырғызстанда парламенттік сайлау аяқталды
Қырғызстанда кезектен тыс парламент сайлауы аяқталды. Бауырлас мемлекеттің саяси өміріндегі маңызды іс-шараны қазақстандық бақылаушылар миссиясы да қадағалады. Сонымен қатар еліміздің делегациясы Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сайлау органдарының Консультативтік платформасының отырысына қатысты. Жиында аймақтағы сайлау жүйелерін дамыту мәселесі талқыланды.
Сайлаудың өту барысын бақылаған Қазақстан делегациясының құрамында 22 адам болды. Олардың қатарында Сенат пен Мәжілістің жеті депутаты, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен үш мүшесі, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің өкілдері, сондай-ақ облыстық және аудандық сайлау комиссияларының басшылары бар.
Сарапшылар Қырғызстан азаматтарының дауыс беру құқығын қалай жүзеге асқанын бақылады. Дауыс берудің ұйымдастырылуы, ақпаратқа қолжетімділік, сайлау процесінің ашықтығы және учаскелік сайлау комиссияларының дайындық деңгейі бағаланды.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Таң ата учаскелердің ашылуына қатыстық. Сайлаушылар үлкен белсенділік танытып жатыр. Таңертең, әсіресе жасы келген кісілер келіп жатыр. Арасында жастарды да көріп жатырмыз. Біраз жаңашылдық бар. Қырғызстандағы сайлау жүйесінде де. Оның ішінде қазір 33 мандаттық округтер ашылған. Соған байланысты жыныстық жағы да ескеріліп жатыр. Сарапшылардың айтуына байланысты, әйелдердің Жогорку Кенешке келуі кеңінен таралып жатыр. Заманауи техникаларды да пайдаланып жатыр екен, біз үшін ол да қызықты.
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының басшылығы сайлау алдында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сайлау органдарының консультативтік платформасы отырысына қатысты. Бұл алаңды құру бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Отырыста Қазақстанның төрағалық кезеңіндегі жұмыс жоспары талқыланып, алғашқы басқосу мен мамыр айында Түркістанда өткен конференция материалдары жинақталған «Turkistan Electoral Forum – 2025» жинағы таныстырылды. Сонымен қатар қатысушылар сайлау науқанына дипфейктердің ықпалын зерттейтін арнайы жұмыс тобын құрды.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Жаңа бағыттарға байланысты проблема өсіп келе жатыр. Ол-дипфейк. Ол жасанды интеллект, әлеуметтік желі. Осы екеуінің де мәселесі. Екеуі бірге жүреді. Өйткені жасанды интеллект дипфейкті шығарады, әлеуметтік желі оны таратады. Сондықтан біз осы мәселені зерттейік деп қолға алып, жоспардың ішіне енгіздік. Жұмыс тобын құрмақшымыз. Жұмыс тобының міндетін де айқындап қойдық, жылдың аяғына дейін құрамыз.
Соңғы деректер бойынша бұл жолы сайлаушылардың 35 пайызы дауыс берген. Белсенділік өткен парламенттік сайлауға қарағанда жоғары. Өзге елдерде жүрген азаматтардың да өз таңдауларын жасай алуы үшін шетелде 100 сайлау учаскесі ашылды. Оның ішінде Қазақстанда — Астана, Алматы, Тараз және Қарағанды қалаларында жеті учаске жұмыс істеді. Қазір Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындыларын есептеп жатыр. Ресми нәтижелер жақын уақытта жарияланады.
Авторлары: Әйгерім Ардаққызы, Бақыт Чермашев