Қырғызстанда парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды

Қырғызстанда кезектен тыс өткен парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындылары жарияланды.

Халықаралық бақылаушылар, оның ішінде Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының миссиясы дауыс беру процесін жоғары бағалады.

Бішкек ел астанасы, ал Ош Қырғызстанның оңтүстігіндегі ірі қала. Республикадағы ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі Өзген ауданы. Сайлау кезінде Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы миссиясының 19 мүшеден құралған бақылаушылар тобы дәл осы аймақтарда жұмыс істеді. Делегация құрамында Қазақстан, Әзербайжан және Түркия өкілдері болды.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ТҮРКПА бақылау миссиясының басшысы:

- Миссия өзінің осы пресс конференцияда айтқанын толығымен растаймыз. Ресми мәлімдемемізді жасадық. Қырғызстандағы сайлау толығымен мемлекеттің ұлттық заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес өтті. Ерекше атап өтетін мәселе - гендерлік теңдіктің сақталуы. Әйел адамдардың саяси қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік ашатындығы және соңғы жаңартылған электрондық сайлау жүйесі.  

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, кезектен тыс парламенттік сайлаудағы дауыс беру көрсеткіші шамамен 37 пайызды құрады. Дауыс беру құқығы бар 4,3 миллион азаматтың ішінен 1 584 446 адам бюллетень алды. Бұл күні шетелде жүргендер үшін 100 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Оның ішінде Қазақстанда – Астана, Алматы, Қарағанды және Тараз қалаларында 7 бөлімше ашылды. Бақылаушылардың айтуынша, барлық жерде кедергісіз дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалды. 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Мүгедектігі бар адамдар, жастары келген адамдар, үйден дауыс беретін адамдар, тіпті нақты бір учаскеге бармай ақ, қашықтан дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бізді қуантады. Сол себепті бұл сайлау жақсы өтеді деп біз үміттенеміз, өйткені көп күш жұмсалған екен, үлкен дайындық жүргізген екен.  

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Заңға сәйкес, сайлау учаскелеріне келіп өз таңдауын жасаған азаматтардың санына қарамастан сайлау өткен болып есептеледі. Осылайша, 30 округтің әрқайсысынан ең көп дауыс жинаған екі ер кандидат пен бір әйел кандидат парламентке өтеді. Түпкілікті нәтижені Орталық сайлау комиссиясы 14 желтоқсанға дейін жариялап, жаңа 90 депутаттың есімін хабарлайды.

Әйгерім Ардаққызы, Бақыт Чермашев