2026 жылы ұшақ жанармайы арзандайды
Женевада Халықаралық әуе тасымалы қауымдастығы әлемдік авиация саласының 2026 жылға арналған болжамдарын ұсынды.
Ұйым болжамы бойынша, алдағы жылы әуе компанияларының таза пайдасы 41 миллиард долларға жетпек. Мұнай мен ұшақ жанармайы да арзандауы ықтимал. Бұдан бөлек салаға ауыртпалық түсіріп отырған мәселелер де талқыланды. Олардың қатарында жеткізу тізбегіндегі кешігулер, геосаяси қақтығыстар, жаһандық сауданың баяулауы мен реттеуші органдардың тарапынан қысымның күшеюі бар. Бұл ретте ұйым басшылары әуе компанияларынан қиыдықтарды жеңілдетіп, табысты тұрақтандыратын жаңа бизнес-үлгілерді күтетінін айтты.
Цитата: Мари Оуэнс Томсен, IATA тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті
Болжамға сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бағасы 2026 жылы барреліне 62 долларға дейін төмендейді. Бұл биылмен салыстырғанда 11% төмен. Авиакеросин де арзандайды. Оның бағасы барреліне 88 доллар болуы мүмкін. Бұрын қымбат бағада бекітілген хеджирлеу келісімдері аяқталғаннан кейін, әуе компаниялары нарықта арзанырақ бағамен отын сатып ала бастайды. Соның нәтижесінде отын шығындарының үлесі 25,7% дейін төмендейді.
Бірақ мамандардың айтуынша, отын арзандаса да, экологиялық шығындар өспек. Әуе қатынасы бүгінде әлемдік экономиканың 4%-ын құрайды және әлем халқын 87 миллион жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, әуе қатынасымен айналысатын компаниялардың жабдық өндірушілермен салыстырғанда табатын пайдасы жер мен көктей. Сала әлі капитал құнын ақтайтын пайда таба алмай отыр. Сарапшылар бірінші ретте осы кіріс мәселесін шешу керек дейді.