В. Зеленский: Украина сайлауға дайын
Владимир Зеленский АҚШ-тың ресми өкілдері және еуропалық көшбасшылармен келіссөзге қатысатынын растады. Жүздесу алдағы күндері Берлинде бейбіт жоспарға қатысты келіссөз аясында өтпек. Сонымен қатар Владимир Зеленский президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Алдағы келіссөзден не күтуге болады?
Украина президенттік сайлау өткізуге дайын. Бұл туралы Владимир Зеленский «Еріктілер одағының» онлайн отырысында мәлімдеді. Кездесуге Ұлыбритания мен Франция төрағалық етті. Зеленскийдің айтуынша, елде саяси науқанды ұйымдастыру үшін ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Украинада кезекті президенттік сайлау былтыр өтуі тиіс еді, бірақ соғысқа байланысты кейінге қалдырылды. Бұған дейін Дональд Трамп сайлаудың ұзақ уақыт бойы өтпеуі демократияны әлсіретіп, АҚШ пен оның одақтастары арасында бірқатар сұрақ туғызатынын айтып, сынға алған.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Біз президент Трамппен кез келген форматта жұмыс істеуге дайынбыз. Егер АҚШ президенті Украинадағы сайлау туралы жиі айтатын болса, өткізіп көруге болады. Украина демократиядан қашпайды. Алайда сайлау үшін қауіпсіздік қажет. Бұл мәселеде Америка көмектесе алады. Сайлау кезінде атыс тоқтау керек. Ақ үй бұл мәселені Кремльмен талқылауы тиіс.
Киев халықаралық кепілдіктер мен қолдау болса, сайлауды екі-үш ай ішінде өткізуге болатынын айтады. Алайда ол жағдайда заңға түзету енгізу керек, өйткені ел Конституциясында әскери жағдайда сайлау өткізуге тыйым салынған.
Ал Financial Times басылымы Дональд Трамп алдағы айларда соғысты реттеуде нақты нәтижеге жетуге үмітті дейді. Көшбасшының айтуынша, ол ұсынған жоспарға тараптардың басым бөлігі келіскен.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Президент Зеленскийдің бейбіт жоспармен әлі таныспағанына аздап көңілім қалды. Оның командасына бұл жоспар ұнайды. Алайда өзі оқымаған. Ресей де бұл келісімге келісетін сияқты.
Кремль АҚШ ұсыныстарының кейбірі талқыланып жатқанын растап, бірқатар мәселеде келіспеушілік барын мәлімдеді. Ал Киев кейінгі аптада еуропалық одақтастарымен жоспар тармақтарын талқылап, өзгерістер енгізген.
Washington Post басылымының мәліметінше, АҚШ-тың жаңартылған ұсынысында майдан шебіндегі әскери белсенділікті азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге халықаралық қауымдастықтың қатысуы қарастырылған. Алайда бұл ақпаратты тараптар ресми түрде растаған жоқ.
Келіссөздер жалғасып жатыр. Берлиндегі кездесу 14-15 желтоқсанға жоспарланған. Нақты уақыты жайлы ақпарат белгісіз. Онда Владимир Зеленский еуропалық серіктестермен және АҚШ өкілдерімен жолығуы тиіс. АҚШ-қа Стив Уиткофф өкілдік етуі тиіс. Кездесуге сондай-ақ Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Германия канцлері Фридрих Мерц қатысады деген болжам бар.
Авторлары: Әйгерім Ардаққызы, Тамерлан Ким