Трамп NVIDIA төңірегіндегі жанжалдан $15 млн пайда көруі мүмкін

Дженсен Хуанг Nvidia-ның бас директоры қызметіне қайта оралды.

Енді компанияның акциялары өсіп, бұдан Дональд Трамп 15 миллион доллар пайда табуы мүмкін. Financial Times газетінің болжамы осындай. Басылымның есептеуінше, АҚШ президентіне чип өндіруші компанияның 370 мың акциясы тиесілі болуы ықтимал. Хуанг қызметіне қайта тағайындалғаннан кейін Nvidia акцияларының құны 30 пайыздан асып кетті.  

Дженсен Хуанг қайтадан Nvidia тізгінін қолға алды. Директорлар кеңесі бизнесменді қызметінен босатқаннан кейін небәрі екі аптаға жетпейтін уақыт ішінде оны бас директор лауазымына қайта тағайындаған. Отыз жылға жуық уақыт бойы алып корпорацияны басқарған тең құрылтайшыны ұжымы ерекше қошеметпен қарсы алды.

Жанжал Хуангтың өзімен аттас, Megaspeed компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Элис Хуангпен жеке қарым-қатынасынан басталған еді. Американдық арнаулы қызмет әйелді Қытай барлауымен байланысы бар деп күдіктенгендіктен басшылық Дженсен мырзаны жұмыстан кетіруге мәжбүр болды. Алайда оның қайта оралуына Кремний алқабындағы алпауыттар Илон Маск пен Тим Суини бастаған топ, тіпті Ақ үй әкімшілігі де белсене араласты. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, президент Дональд Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнс 48 сағат бойы директорлар кеңесін көндіруге күш салған.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Дженсен Хуанг орынсыз шешімдер қабылдады, бірақ ол дарынды тұлға. Біз талантты адамдарымызды қорғауымыз керек, өйткені ондай маман ешбір елде жоқ. Ал Дженсен солардың бірі. Бастапқыда мен Тим Кукты ұсынған едім. Бірақ бәрінен бұрын мен Дженсенге кешірім жасалып, өз орнына қайта оралғанын қаладым. 

WSJ басылымы Ақ үйдің жанжалға ұрынған бизнесменнің беделін қалпына келтіру әрекетін "бұрын-соңды болмаған қадам" деп бағалады. АҚШ Бас прокуроры Әділет министрлігінің Хуангқа қатысты ешқандай тергеу жүргізбейтінін және ұлттық қауіпсіздікке қатер жоқ екенін растаған. Осы кепілдіктен кейін нарықта дүрбелең басталды. Bloomberg дерегінше, кейінгі тәулікте Nvidia акциялары 35 пайызға шарықтады. Бұл кейінгі 26 жылдағы ең рекордты өсім. Нәтижесінде корпорацияның нарықтық құны 4 триллион долларға жетіп, Microsoft пен Alphabet-ті басып озды. Осылайша чип өндіруші 5 триллион долларлық Apple-ден кейінгі әлемдегі ең қымбат екінші компания мәртебесін қайтарды. Бұл серпін бүкіл технологиялық секторға әсер етіп, Филадельфия биржасының жартылай өткізгіштер индексі 13 пайызға өсті.

Майкл Монаган, ETF инвестициялық қорының негізін қалаушы:

- Біз Дженсеннің оралғанын оң бағалаймыз. 30 жыл ішінде 11 мың акцияны талдай келіп, негізін қалаушылары басқаратын компаниялар нарықтан 4 пайызға жоғары нәтиже көрсететініне көз жеткіздік. Акциялардың 30-40 пайызға өсуі оның көшбасшылық қасиетінің дәлелі. Жасанды интеллект саласында үстемдік ету үшін Америкаға дәл осындай мықты ойыншылар қажет. 

Бұл шешім Дженсен Хуангты ақшаға қарқ қылды. Forbes дерегінше, оның жеке байлығы бірден 34 миллиард долларға артып, 144 жарым миллиард долларға жетті. Ал Financial Times басылымы оқиғаның саяси-қаржылық астарына үңілді. Декларацияға сәйкес, Трамптың портфелінде Nvidia-ның 370 мың акциясы бар. Қағаздар құнының күрт өсуі Ақ үй басшысына 15 миллион доллар пайда әкелуі мүмкін. Ресми Вашингтон президент активтерін тәуелсіз қор басқаратынын алға тартып, мүдделер қақтығысын жоққа шығарып әлек.

Хуангтың қызметіне қайта кіріскеніне қарамастан Nvidia ішкі тергеуді жалғастырады. Тәуелсіз директорлар мен заңгерлер оның құпия корпоративтік немесе ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәліметтерді жария еткен-етпегенін анықтамақ. Бұған қоса компанияда ұлттық қауіпсіздік және экспорттық бақылау жөніндегі арнайы комитет құрылды. Мұндай қатаң бақылау түсінікті де: бұл жерде жеке компанияның емес, АҚШ-тың стратегиялық мүддесі таразыға түсіп тұр. Жасанды интеллект нарығындағы жаһандық бәсеке қызған шақта, технологияның кез келген жолмен сыртқа кетуі геосаяси қатермен тең. 

Авторы Ернат Қашқынов

Сондай-ақ оқыңыз: