Қытай айға сарай салады
Қытайлар айға сарай салмақшы. Олар қиялды шындыққа айналдыруға жақын тұр. Қазір жер серігі арқылы топырақ тасып кірпішін дайындап жатыр.
Ғалымдар құрылыс материалдарын айға жөнелтіп сынақтан өткізді. Бірнеше данасын ай бетіне қалап бір жыл бойы бақылаған. Сол кірпіштер жерге түсірілді. Мамандар кесектердің тылсым өзгеріске ұшырағанын байқаған.
Қытайлар былтыр 74 дана кірпіш жасап айға ұшырған. Бұл – соның бір бөлігі. Барлығы ай топырағынан құйылған. Әрқайсының салмағы 100 грамм тартады. Арнайы технология қолданылған. Ғалымдар алдымен ыстық пресспен нығыздап, кейін электромагнитті индукция және микротолқындармен пісірген. Осындай әдіс кірпіштің төзімділігін үш есе арттырады екен.
Чжоу Янь, Хуачжун ғылым және технология институтының қызметкері:
- Кері қайтқан кірпіштер алғашқыдай емес. Түсі өзгерген. Бір жақ беті оңып кетіпті. Сондай-ақ белгісіз нәрседен сырылған. Қазір оны анықтау үшін зерттеу жүргізіліп жатыр. Кірпіштер жақсы сақталған. Біз оларды метеорит немесе космостағы қоқыстарға соқтығысып мүжіліп, тозып кетеді деп ойлағанбыз.
Қытайлар сарай салуға айдың өз ресурсын өзіне пайдаланбақшы. Оған себеп –логистика. Ғарышқа құрылыс материалдарын жеткізу қиын әрі тым қымбат. Екіншіден, ғалымдар орбитадағы қатаң ортаға ай бетінде миллиардтаған жыл бойы жатқан топырақ пен минералдар ғана шыдас береді деп пайымдайды. Ал пішіні «лего» тәрізді құрастырылмалы етіп құйылады.
Цинь Ихэнь, инженер:
- Бұл құрылыс жүргізуге ыңғайлы. Алғашқы кезеңде жіберілген кейбір кірпіштердің тығыздығы жоғары әрі бүтін еді. Оларға алдын ала 45 градустық симметриялық тігістер жасалды. Осы арқылы механикалық қасиеттерінде, пішінінде қандай өзгерістер болатынын байқағымыз келді. Қазір экстрималды температура мен радиацияға төзімділігі тексерілуде.
Гуанхань сарайы осы кірпіштерден тұрғызылады. Базалық модель айдағы халықаралық зерттеу станциясының қызметін атқарады. Оның құрылысы 2035 жылы басталады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын