Қазақстан мұнайына сұраныс артты

Түркия Қазақстаннан импорттайтын мұнай көлемін ұлғайтты. Өткен айда елімізден тасымалданатын CPC Blend маркалы мұнайдың тәуліктік мөлшері шамамен 105 мың баррельге дейін өсті.

Бұл – кейінгі бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар Қазақстанның қара алтынына сұраныс Түркияның энергетика нарығында екі есеге дейін өсуі мүмкін деген болжам жасады.

Қазақстан –Түркия нарығын мұнаймен қамтамасыз етіп отырған ең маңызды екінші мемлекет. Елімізден шығатын қара алтын Түркия импортының шамамен 10 пайызын құрайды. Сарапшылардың айтуынша, энергетика нарығындағы сұраныс пен тараптар арасында келісім сақталса, көрсеткіш алдағы уақытта екі есеге дейін өсуі мүмкін.

Али Оғұз Дириөз, «Анкасам» талдау орталығының сарапшысы, тобб университетінің доценті:

- Түркия үшін Қазақстан мұнайы – жеткізу тұрғысынан да, сапа жағынан да тиімді ресурс. Сондықтан Анкара импорт құрылымын әртараптандыру барысында Қазақстанға басымдық беріп отыр. Ал бұл Қазақстан секілді энергия өндіруші ел үшін тек ірі нарық қана емес,  сонымен қатар Еуропа, Таяу Шығыс пен Африкаға шығатын маңызды қақпа.

Қазақстан мұнайы Каспий теңізі арқылы тасымалданып, одан әрі Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен  Түркия аумағына жеткізіледі. Түркияның статистика институты келтірген дерекке сүйенсек, биыл шілде айында Қазақстаннан Түркияға 412 мың тонна мұнай импортталған. Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, осы айда Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі Ирак пен Қазақстаннан  129 мың баррель, тоннаға шаққанда шамамен 17,5 мың тонна шикі мұнай сатып алған. Бұл екі ел арасындағы энергетикалық саудадағы нақты өсімді көрсетеді. Ал мамандар мұны Қазақстан үшін нарықты әртараптандыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп бағалап отыр.

Түркия импорттаған мұнай көлемі

2025 ж. шілдеде 412 мың т

2025 ж. желтоқсанда 17,5 мың т

Али Оғұз Дириөз, «Анкасам» талдау орталығының сарапшысы, тобб университетінің доценті:

- Бұл жағдай Қазақстанның экспорттан түсетін кірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Әсері тек мұнай саласымен шектелмейді. Жалпы энергетика, жаңартылатын энергия, порт инфрақұрылымы, сақтау қуаттары, құбыр желілері, электр жүйелері сияқты бірқатар бағыттың дамуына серпін береді. Соның нәтижесінде ұлттық экономика жандана түседі.

Сарапшылар екі ел арасындағы энергетикалық әріптестік тек саудамен шектелмейді дейді. Түркияның мемлекеттік мұнай компаниясы Батыс Қазақстанда, Каспий маңындағы кен орындарында барлау жұмыстарын жүргізе бастады. Сонымен қатар тараптар арасында бірлескен мұнай өңдеу зауытын салу туралы келісім бар.

Түркиямен энергетикалық әріптестіктің нығаюы Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, трансКаспий дәлізі арқылы Еуропа нарығына шығу мүмкіндігін кеңейте түседі. Бұл Қазақстан мұнайының аймақтық емес, халықаралық энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналуына жол ашады, - дейді сарапшылар.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков