Былтыр әлем экономикалық дағдарысты бастан кешті
Сауда шиеленісі, тарифтік саясат, қарыз-құрыздың көбеюі бар, бәрі шиеленісіп кетті. Сарапшылар биыл да оңай болмайтынын ескертеді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне қарағанда жаһандық экономикалық өсім баяулайды. 2025 жылғы көрсеткіш 3,2% болса, биыл 2,9%-ға дейін төмендейді. Қазір әлемнің дамыған мемлекеттерінің өзінде сыртқы қарызы көбейіп барады. Қанша жобалар жасалып, инфляцияға қарсы күрес күшейгенмен нәтиже жоқ. Енді не болмақ? 2026 жылы жаһан экономикасын не күтіп тұр?
Былтыр Дональд Трамп күллі әлемге тарифтер енгізіп, жаһан жұртын дүрліктірді. Ол Ақ үйге оралғалы АҚШ-тың орташа тарифі 2,5%-дан шамамен 18%-ға дейін көтерілді. Бұл 1934 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. 2026 жылы АҚШ-тың Жоғарғы соты президент конгрестен аттап өтіп, елде төтенше жағдай жариялау арқылы тарифтерді енгізуге қаншалықты құқылы деген мәселеге қатысты шешім қабылдайды. Сарапшылар Жоғарғы Сот Трамптың бұл қадамы заңсыз екенін растайды деп топшылайды. Алайда сот тарифтерді алып тастағанымен президент әкімшілігі өзге де заңды құралдарға жүгінуі мүмкін. Демек тарифтердің жыры биыл бітпейді. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі де өзекті мәселе болып қала бермек.
Нгози Оконджо-Ивеала, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:
- Дүниежүзілік сауда жүйесі өзара тәуелділік үшін құрылды. Қазір біз бұл тәуелділіктің шектен шыққанын байқап отырмыз. АҚШ маңызды өткізу нарығы саналады. Ал Қытай – негізгі жеткізушілердің бірі. Тәуелділік өскен сайын, тәуекелдер де артады.
Биыл Трамп тарифтері негізінен Азия елдеріне салмақ салады. Өткен жылдың соңында Трамп пен Си Цзиньпин кездескен соң, арадағы қарым-қатынас сәл де болсын жақсарғандай болған еді. Алайда сарапшылар бұл әлемдегі ең ірі екі экономика арасындағы сауда соғысына тосқауыл қоятын ұзақмерзімді бейбіт келісім емес, уақытша жағдай екенін айтады. Қытайда өзге экономикалық мәселелер бар. Мысал ретінде елдің демографиялық қартаюын, капиталдың шекті өнімділігінің төмендеуін және болат, кеме жасау, химия салаларында ұсыныс пен сұраныстың сай келмеуін атап өтуге болады. Соған қарамастан Қытай экономикасы биыл шамамен 5%-ға өсім көрсетеді деген болжам бар.
Раджив Бисвас, Asia Pacific Economics талдау компаниясының атқарушы директоры:
АҚШ пен Қытай қорғаныс технологиялары, өңдеу өнеркәсібі, жасанды интеллект, кванттық есептеу және робототехника сияқты негізгі салаларда геостратегиялық бәсекелес елдер. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық үстемдік үшін күрес 2026 жылы да жалғасады. Осы салаларға қатысты тарифтер, санкциялар мен өзге де экономикалық шараларды қолдану жиілейді.
Инвесторлардың көңілі күпті
Тағы бір маңызды мәселе – жасанды интеллекті инфрақұрылымына құйылып жатқан қомақты қаржы. 2030 жылға қарай саладағы инвестиция көлемі 4 триллион долларға жетуі мүмкін. Алайда инвесторлардың көңілі күпті. Олар жұмсалған қаражат ақтала ма, жоқ па деп алаңдай бастады. Өйткені жасанды интеллектіден түсетін пайданың әсіре бағаланғаны жөнінде пікірлер айтылады. Бұлай болған жағдайда нарық құлдырап, компаниялар капиталдан айырылады. Тіпті қысқа мерзімде дәл осы жасанды интеллектіге құйылған инвестиция инфляцияның өсуіне сеп болады. Өйткені дата-орталықтардың көптеп салынуынан электроэнергия мен чиптердің бағасы едәуір қымбаттаған.
Алисия Гарсия-Эрреро, Natixis инвестициялық банкінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша бас экономисі:
- Жасанды интеллект төңкерісі құрылымдық мәнге ие. Технологиялық түрлену мен оның белсенді енгізілуін биыл да байқаймыз. Алайда жасанды интеллекті саласындағы инвестицияның күрт төмендеуі АҚШ экономикасына елеулі әсер етеді. Салдарынан әлемдегі ірі экономика рецессияға ұшырап, жаһандық өсім бәсеңдеуі мүмкін.
Жасанды интеллект төңірегіндегі дүрбелеңге қарамастан, сарапшылар әлемдік қор нарықтары, соның ішінде 500 америкалық компанияның әлеуетін бағалайтын Эс энд Пи индексі алдағы 12 айда өсімін тоқтатпайтынын айтады. Жалпы әлем экономикасы доллардың құнына да қарап отырғаны белгілі. Көктемде Дональд Трамп Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге ұмтылатын жаңа төрағаны тағайындайтынын жеткізді. Ал Федералды резерв жүйесінің төмен мөлшерлемесі өз кезегінде доллардың әлсіреуіне әкеледі.