Пәкістанда сауда орталығындағы өрттен қаза тапқандар саны артты

Пәкістанда 17 қаңтарда сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандар саны 67-ге жетті.

Тағы 77 адам із-түссіз жоғалып кетті. Іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Әзірге 15 мәйіттің кім екені анықталды. Қалғандарын айқындауға ауыр жарақаттар мен қатты күйік кедергі келтіріп тұр. Қайғылы жағдайдың нақты себебі белгісіз. Алдын ала ақпарат бойынша өрт гүл сататын дүкендегі отты ұқыпсыз пайдаланудан шыққан. Ғимараттағы 1200-ге жуық дүкеннің бәрі толық жанып кетті. Тез тұтанатын тауарларға толы сауда нүктелері бір-біріне тығыз орналасқандықтан, өрт жылдам тараған. Полиция 16 эвакуация есігінің үшеуі ғана ашық тұрғанын анықтады. Сондықтан көп адам сыртқа шыға алмай қалған. Сауда орталығында желдеткіш, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйесі болмаған.