Әлемде алтын қымбаттап барады

Жылтырағанның бәрі алтын емес. Металдың бәрі құнды болғанмен алтынға жетпейді.

Долларға сенім азайған шақта бағалы металдың құны артты. Бұған алдымен геосаяси жағдайдың ушығуы себеп. Сондай-ақ кейінгі үш жылда орталық банктер тарапынан сұраныстың артуы да едәуір әсер еткен. Нью-Йорк биржасында алтын құны унциясына 5 мың доллардан асып жығылды.

Мәселенің аужайын Мөлдір Жақан «Шартарап» айдарында айтады. Мөлдір, қайырлы таң! Баға деген бірде жоғары - бірде төмен, алда қалай болады екен?

Алтын қымбаттап барады

Алтын бағасы тарихи рекорд жаңартты. Алғаш рет унциясына 5 мың АҚШ долларынан асты. Бағалы металл былтыр 60%-дан астам қымбаттаған. Бұл 1979 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Гренландия төңірегінде туындаған АҚШ пен НАТО арасындағы текетірес, Трамптың сауда саясаты, жаһандағы қаржылық және геосаяси тұрақсыздық алаңдаушылықты күшейтті. Бұдан өзге Газа мен Шығыс Еуропадағы қақтығыс, жоғары инфляция, доллардың әлсіреуі бар. Міне, осы факторлардың әсерінен инвесторлар алтынға жүгіне бастаған. Өйткені бұл металл ежелден «қауіпсіз актив» саналады.

Ахмад Ассири, Pepperstone брокерлік компаниясының сарапшысы:

- Алтын нарығында кері корреляция байқалады. Мемлекеттік облигациялар тартымдылығын жоғалтып, олардан түсетін табыс азайып кетті. Облигациялардың тиімсіздігін ескерген азаматтар алтынға инвестиция құюды жөн санайды.

Жер қойнауында 64 мың тонна алтын бар

Алтынның басты артықшылықтарының бірі оның сиректігінде. Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне жүгінсек, әлемде бүгінге дейін жалпы 216 265 тоннаға жуық алтын өндірілген. Түсінікті болу үшін, бұл шамамен үш-төрт олимпиадалық бассейнді толтыруға жеткілікті.

Оның біраз бөлігі өндіріс технологиялары дамып, жаңа кен орындарының ашылуына байланысты 1950 жылдан кейін қазып алынған. АҚШ Геологиялық қызметінің деректеріне сенсек, қазір әлем бойынша жер қойнауында тағы 64 мың тонна алтын бар. Дегенмен сарапшылар: «Алдағы жылдары өндіріс көлемі айтарлықтай ұлғая қоймайды», - дейді. Өйткені қолжетімді кен орындарындағы қор сарқылуға таяу. Ал Канаданың солтүстігі, Австралия, Африкадағы жаңа кен орындары тереңде болғандықтан, металды өндіру үшін қыруар қаржы қажет.

Цитата:

Дүниежүзілік алтын кеңесі

Әлемдік алтын өндірісі алдағы жылдары біртіндеп тұрақтанады. Кейін өндіріс көлемі төмендейді. Қорлардың азаюы, өндірістегі үзілістер және өндіруші компаниялардың капиталдық шығындары алтын өндірісінің өсу әлеуетін шектеуі мүмкін.

Алтын өндіру бойынша Қытай көш басында. Әлемде өндірілетін бағалы металдың 10 пайызы осы елге тиесілі. Одан кейін Ресей тұр. Бұл мемлекеттің басты кен орындары Сібір мен Қиыр Шығыста орналасқан. Алтын Ресейдің экспорттық экономикасында маңызды рөлге ие. Үшінші орында Австралия. Өндіріс көлемінің тұрақты түрде артуы елдегі барлау жұмыстарының белсенділігімен байланысты. Бұл тізімге сондай-ақ Канада, АҚШ, Гана, Мексика, Индонезия және Перуді жатқызуға болады. Ірі алтын өндіруші елдер қатарына Қазақстан да кіреді.

Орталық банктерден алтынға сұраныс артты

Алайда бұл бағалы металды тек инвесторлар ғана таңдамайды. Былтыр орталық банктердің резервтері жүздеген тонна алтынмен толықты. Мемлекеттер бұл қадамға экономикалық тұрақсыздықтан қорғану үшін барады. Банкте сақтаулы алтын резервтері бойынша АҚШ, Германия, Франция, Ресей, Италия алдыңғы қатарда. Ал Үндістанда алтын сыйлау не ақшаны алтынмен жинау дәстүрге айналған.

Morgan Stanley инвестициялық банкінің мәліметтеріне қарағанда,Үндістандағы қарапайым тұрғындар 3,8 трлн доллар көлемінде алтынға ие. Көбінесе, зергерлік бұйым күйінде сақтайды. Бұл ЖІӨ-нің 89 пайызына тең. Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылы әлемде алтын құны унциясына 6 мың долларға жетуі мүмкін.

Даан Струйвен, Goldman Sachs сарапшысы:

- Goldman Sachs базалық болжамы бойынша, алтын бағасы 2026 жылдың соңына дейін унциясына 5400 долларға дейін жетеді. Алайда қаржылық тәуекелдер не АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің төңірегінде мәселелер туындап, нарықтағы жағдай ушықса, алтын бағасы одан әрі шарықтауы мүмкін.

Мемлекеттер алтын қорларын қайтара бастады

Кейінгі кезде әлем елдерінің шетел банктеріндегі алтын қорын қайтаруы белең ала бастады. Жақында Германия АҚШ-та сақтаулы тұрған алтын қорын қайтармақшы. The Guardian мәліметіне сүйенсек, қазір Америкада Германияның 1236 тонна алтыны бар. Мұның құны шамамен 164 миллиард еуро. Германия ғана емес, өзге де мемлекеттер шетелдегі алтынын қайтаруға ниетті. Мәселен, былтыр Үндістанның орталық банкі шет елдерден шамамен 64 тонна қорын алып шықты. Нью-Дели бұған дейін бағалы металл қорының бір бөлігін Ұлыбританияда сақтап келген. Қазір 65 пайыздан астамы жергілікті резервтерде. Ресеймен болған жағдайдан сабақ алған Үнді билігі шетелдегі активтерін қайтару ісін едәуір жеделдетті. Өйткені Шығыс Еуропадағы қақтығыс басталғалы Еуроодақ елдері Ресей орталық банкінің шетелде сақтаулы тұрған активтерін бұғаттап тастады. Әңгіме шамамен 240-250 млрд доллар көлеміндегі валюталық резервтер, депозит және құнды қағаздар жайында.

Ресейдің Орталық банкі тығырықтан шығар жол ретінде өз резервтеріндегі алтынның үлесін ұлғайтты. Алтын бағасының қымбаттауы ресми Мәскеуге бұғатталған валюталық активтердің шығындарын ішінара өтеуге көмектесті. Жалпы алтынның қымбаттауына АҚШ-тың Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесі де әсер етеді. Биыл ол екі рет төмендетілуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде облигациялардың арзандауына әкеледі. Демек инвесторлар тағы да бағалы металдарға қарай бет бұрады.