Жасанды сүт қауіпті көбейтті
Кішкентайға қандай сүт беріп жүрсіз? Әлемде сүт қоспасын шығаратын біраз компанияның басы дауға қалды.
Олар әйгілі Nestle, Danone, Lactalis. Бұған Францияда 2 бірдей отбасының баласынан айырылып қалуы себеп. Бүлдіршіндер әлгі 3 компанияның бірі шығарған жасанды сүтті ішкен. Қоспаның құрамынан сәбилердің денсаулығына қауіпті токсиндер табылды. Қазір Францияның тиісті органдары балалардың өліміне нақты не себеп болғанын тексеріп жатыр.
Иә, 3 компания да уланған өнімдерін дүкен сөрелерінен алды. Мәселен, Nestle әлемнің 60 елінен бірқатар партияны кері қайтарды. Соның ішінде Қазақстан да бар. Ал мұны сақтық шараларымен байланысты деп түсіндірді.
Әлемде сәбилер арасында жасанды сүттен улану деректері көбейді. Жаға ұстатарлық жағдай нәрестелерге арналған өнімнің ең ірі өндірушісі, Nestle брендімен байланысты болып шықты. Францияда компания өндірген қоспа 2 сәбидің өліміне әкелді деген күдік бар. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ал Бельгия мен Бразилияда Nestle ұнтағын ішкен нәрестелердің уланғаны расталды. Жасанды сүттен бала ағзасына қауіпті цереулид токсині табылған. Қауіптісі сол, қоспаны қайнатып, қайта қыздырса да, зиянды бактерия жойылмайды. Ал адам ағзасына түссе, науқастың іші ауырып, құсады. Өткен айда Nestle өз өнімдеріне тексеріс жүргізді. Сөйтіп бірқатар партиядан дәл осы токсинді бөлетін бактерияны анықтаған. Көп ұзамай, уланған құрғақ сүттің нақты тізімін жариялап, оларды кері қайтарды. Сөйте тұра әлемнің бірқатар елінде бірнеше улану дерегі тіркелді. Бұл жағдай кез-келген ата-ананың үрейін ұшырғаны анық.
Пьер-Антуан Буайона, Париж тұрғыны:
- Менің баламның 6 ай бойы іші өтіп, құсты. Қазір ойлап қарасам, біз сәбиімізді жарты жыл қинап келіппіз. Басқа қоспа алайық десек, қорқамыз. Сондықтан кәдімгі пастерленген сүт беріп жүрміз.
Нәрестелерге арналған жасанды сүтке қатысты дауға әлемнің өзге екі ірі өндірушісі де ілікті. Бұл Danone мен Lactalis компаниясы. Олардың да өнімдерінен де токсин, яғни, цереулид табылған. Зиянды бактерия май қышқылдарынан бөлінеді. Оны әдетте ұнтақтың құрамы жағынан омырау сүтіне жақын болуы үшін қосады. Ал осы май қышқылдарын Қытайдағы бір компания жеткізіп отырады. Басы дауға қалған Nestle өнімнің бірқатар партиясын әлемнің 60 елінен, Lactalis 18 елден кері қайтаруға мәжбүр болса, Danone-ның сүт қоспасы Сингапурдағы дүкен сөрелерінен алынды. Сөйте тұра, компания өкілдері қазір қауіп жоқ деп, ата-аналарды сабырға шақырды. Алайда бұл жағдай Еуропа елдерінің алаңдаушылығын туғызды. Франция билігі мәселені жылы жауып қоюға бейіл емес. Жауаптыларды қатаң жазалаймыз деп отыр.
Энни Женевар, Франция Ауыл шаруашылығы министрі:
- Аптаның аяғына дейін өндірушілер тексерістен өтіп, қорытындысын үкіметке тапсыруға тиіс. Кінәсі дәлелденсе, сол компания міндетті түрде жауапқа тартылады.
Жалпы Nestle төңірегінде мұндай жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанып тұр. Осыдан 4 жыл бұрын Францияда компанияның пиццасын жеген екі бала көз жұмған еді. Кейінгі дау инвесторлардың Nestle-ге деген сенімін селкеу түсірді. Жыл басталғалы компанияның акциялары 7,5 пайызға құлдырады.
Жаңа туған нәрестеге омырау сүтінен асқан азық жоқ, әрине. Алайда жасанды сүтке сұраныс артпаса, кемімей тұр. Fortune Business Insights компаниясының дерегі бойынша, 2025 жылы әлемде сәбилерге арналған құрғақ сүт нарығы 88 млрд долларға жетті. 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 есе артуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметін қарағанда, қазір әлемдегі әйелдердің жартысынан көбі жасанды сүтке үйреніп алған. Алайда дәрігерлер мұндай өнімдердің жер жарған жарнамасына сенбеуге шақырады.
Шелли Макгуайр, Айдахо университетінің профессоры:
- Кейінгі жылдары ірі компаниялар омырау сүтіне балама ретінде май қышқылдары қосылған құрғақ сүттерді нарыққа көптеп шығара бастады. Оны дәрігерлердің кеңесіне сай жасап келеді. Алайда ешқандай ұнтақ омырау сүтін алмастыра алмайды. Өйткені ол мыңдаған дәрумен мен қоректік затқа бай. Ал өндірушілер сол мыңдағанның ішінен жасанды жомен екі-үшеуін бөліп алып, құрғақ сүт шығарады. Ешқандай компания құрамы жағынан ана сүтіне ұқсас өнім жасай алмайды. Бұл күнге біз әлі жеткеніміз жоқ.
3 бірдей компанияның сүт қоспасынан бірдей қауіпті токсиннің шығуы - шикізат жеткізу жағында кемшілік бар екенін көрсетеді, - дейді сарапшылар. Бірақ қалай болғанда да, баланың өміріне өнімді нарыққа шығарған компания жауапты.