Үндістан Ресей мұнайынан бас тартты — Трамп
Үндістан елі Ресей мұнайынан бас тартты.
Бұл туралы президент Дональд Трамп Truth Social желісінде мәлімдеді. Айтуынша, Вашингтон мен Нью-Дели былтыр сауда саласында қайшылықтарды шешіп, келісімге келген. Нәтижесінде АҚШ Үндістанға бекіткен 25 пайыздық баж салығын 18 пайызға түсірді. Ақ үй басшысының айтуынша, Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатып, оның орнына энергия ресурстарын АҚШ пен Венесуэладан импорттауға келіскен. Оның ойынша, бұл қадам Украинадағы соғысты аяқтауға ықпал етеді. Жаңа сауда келісімі аясында үнді елі американдық тауарларға қатысты барлық тарифтік және тарифтік емес кедергілерді алып тастамақ. Сондай-ақ алдағы жылдары АҚШ-тан 500 миллиард доллардан астам сомаға энергия, технология, ауыл шаруашылығы өнімдері, көмір және өзге де тауарлар сатып алуға келіскен. Естеріңізге сала кетейік, кеше Дональд Трамп Үндістанның Ираннан да мұнай алуды доғаратынын хабарлаған еді.