Италия Олимпиада кезінде АҚШ-тың агенттерін елге кіргізгісі келмей отыр
Таяуда төрт жылда бір келетін қысқы Олимпиада ойындары басталады.
Биыл дүбірлі дода Италияның қос қаласында өтеді. Мұндай ауқымды жиынға АҚШ спортшылары да келеді әрине. Ақ үй әдетте спортшыларға қоса құқық қорғау органдары қызметкерлерін қоса жібереді. Мысалы, осыған дейін Парижде өткен Олимпиада ойындарына да американдық агенттер келген. Биылғы даудың басы осы болып тұр. Италия қаруланған АҚШ агенттерін ішке жібергісі жоқ.
XXV Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура 3 күн қалды. Көне шаһар спортшыларды қабылдауды бастап кетті. Дәл осы тұста Италия мен АҚШ арасында дау туындады. АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі өз делегациясының қауіпсіздігін күзету үшін елге Көші-қон және кедендік бақылау қызметі агенттерін жіберуге ниетті. Ал Италия саясаткерлері мен Милан мэрі Құрама Штаттардың бұл әрекетіне наразылық білдірді.
Джузеппе Сала, Милан қаласының мэрі:
- Миланның мэрі ретінде ғана емес, жалпы Италия азаматы ретінде мен қалада қаруланған шетелдіктерді көргім келмейді. Америкалық көші-қон және кедендік бақылау қызметкерлері заңсыз әрекет етеді. Азаматтарының үйіне баса көктеп кіретіндер мен бейбіт тұрғындарды атып өлтіре салатындарға шаһарымызда орын жоқ. Біздегі қауіпсіздік шаралары мүлде басқа.
Таяуда АҚШ-тың Миннесота штатында кеденшілер екі тұрғынды атып өлтірген еді. Жағдайды Иммиграция және кеден полициясы ішкі лаңкестік деп сипаттады. Енді Италиядағы оппозициялық партиялар мен солшыл кәсіподақтар Олимпиаданың ашылу салтанаты күні, яғни 6 ақпанда «ICE OUT» атты наразылық шеруін өткізуді жоспарлап отыр. Ал ел үкіметі жағдайдың ушығып кетпеуін қадағалауда. Италияның ішкі істер министрі халықты сабырға шақырып, бейбалам салудың қажеті жоқ екенін айтты.
Маттео Пиантедози, Италия ішкі істер министрі:
- Мұның бәрі бос әңгіме. Өйткені бізге делегаттардың тізімі әлі келген жоқ. Спортшыларды сүйемелдеп жүру қалыпты жағдай. Менің өзім шетелге шыққанда полиция қызметкерлері еріп жүреді. Бірақ кім кімді қалай сүйемелдесе де Италияда басқа елдің иммиграция және кедендік бақылау агенттері ешқашан әрекет ете алмайды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, иммграциялық бақылауға жауап беру – біздің міндет. Және бұл бағытта біліктілігіміз жетеді.
Қалай дегенмен американдық агенттердің Ақ Олимпиадаға келетіні ресми түрде жарияланды, бірақ олардың саны туралы әлі нақты ақпарат жоқ. Вашингтон аталған агенттік өкілдері көшелерде қызмет етпейді, олар тек АҚШ делегациясының қысқы ойындардағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал қоғамдық тәртіпті қадағалау толықтай Римнің құзыретінде қала береді деп мәлімдеді. Қазір біраз елдің спортшылары Миланға барып қойған. Олар жайғасқан ғимараттарда жаттығатын, демалатын орын көп. Барлық жағдай жасалған. Алдағы дүбірлі додада қай елдердің мерейі үстем болатыны уақыттың еншісінде, ал жергілікті билік біз үшін Олимпиададағы ең басты жеңіс – қауіпсіз өткен ойын дейді.
Нұрбике Жігер