Катарда Қазақстанның мәдениет күндері жалғасып жатыр

Дохада Қазақстанның мәдениет күндері жалғасып жатыр.

Бай мұрамыз бен  құндылықтарымызды шығанақ жерінде дәріптеген іс-шара қала тұрғындарының көңілінен шықты. Ауқымды бағдарламаның екінші күні де «Дарб Әл Саи» тарихи кешенінде өтті. Түс ауа басталған думан түн ауғанша ұласып, сахна төрінде талантты музыканттар өнер көрсетті. Қазақстандық «Mezzo» тобы жанды дауыста ән шырқап, «Таяу Шығыстағы премьера» атты кешін жоғары деңгейде өткізді. 1 жарым сағат бойы көрермен қазақтың және жер жаһанның классикалық жауһар жырларын тапжылмай отырып тыңдады. Концерт барысында танымал скрипкашы Жамила Серкебаева да виртуозды қырын көрсетіп, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Мохамед Хассан әл Куари, Катар мәдениет министрлігі қоғам және аударма департаментінің директоры:

- Қазақтың сан қырлы мәдениетімен танысып жатырмыз. Өзіндік бай мұрасы жеткілікті. Ол жайында ұдайы естіп жүрміз. Енді өз көзімізбен көру үшін осында келдік. Сіздерді өзгеден ерекшелейтін киім, музыка және ұлттық тағамдарыңыз бар. Аспаптарыңыз қандай тамаша?! Соның барлығы мына жерде айрықша атмосфера қалыптастырып тұр.

Жалпы кеш халқымыздың музыкалық мұрасын кеңінен таныта білді. Халық әндері мен заманауи шығармалар орындалды. Мәдени бағдарлама аясында қазақтың қолөнер көрмелерін мыңдаған мейман тамашалады. Әсіресе ұлттық тағам ұсынылған мейрамханаға келушілер легі толастамады. Қолөнер бұйымдары, томағалы бүркіттер, құмай тазы және қазаққа тән киім үлгілері дохалықтардың ерекше назарын аударды. Қонақтар лек-легімен суретке түсіп, ұлттық бірегейлімізге таңданысын жасырмады. Қатардағы қазақ мәдениет күндері ертең де жалғасады

Халид әл Валид, Доха тұрғыны:

- Білесіз бе, мәдениеттеріміз арасында ұқсастық көп. Мәселен, біз де сіздер секілді саятшылық құрғанды ұнатамыз. Бір кездері жауынгерлеріңіз киген киімдер мен қару-жарақ түрлері қызыға тамашалауға әбден тұрарлық. Мұндай мәдени күндердің өтуі құптарлық іс дер едім. Сол арқылы елдеріміз ертеңгі ынтымағын баянды етеді.