Еуропадағы қазақтар ана тілін үйреніп жүр
Еуропадағы қазақ балалары ана тілін үйреніп жүр.
Брюссельде туып-өскен диаспораның кішкентай өкілдері туған жерден алыстаса да ұлттық болмысынан ажыраған емес.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Өкінішке орай, Бельгияда ана тілін білмей өсіп жатқан қаракөздеріміз көп. Өйткені орта жоқ — мектепте француз, нидерланд және ағылшын тілдерінде білім алады. Диаспора өкілдері осы олқылықтың орнын толтыру үшін аптасына бір рет балаларды елшілікте жинайды.
Бельгияда жұмыс бабымен уақытша тұрып немесе оқып жатқан отандастарымыз бен осы жақтың азаматтығын алған қандастарымыздың саны 3000-нан асып жығылады. Олар мемлекеттік және ұлттық мерекелерде жиі жиналып тұрады. Басқосулардың бірінде Қазақ мәдени орталығын ашу туралы ұсыныс айтылып, оған елшілік қолдау білдірді. Мақсат ортақ — жас буын өкілдеріне бай мәдениетіміз бен салт- дәстүрімізді үйрету, балаларға ана тілін ұмыттырмау.
Бернар-Әділ Медетбаев, қазақ мәдени орталығының мүшесі:
- Сәлеметсіз бе? Менің атым Бернар. Мен бүгін бірінші рет қазақ тілі сабағына келдім. Мен Бельгияда дүниеге келдім. Осында балабақша мен мектепке барып, нидерланд тілінде оқыдым. Қазір енді ана тілімді үйреніп жатырмын.
Шетелдіктер асырап алған балалар да қазақша меңгеріп жүр. Көпшілігінің тілі ағылшын, француз және нидерландша шыққанымен, жүрегі отан деп соғады. Оларды бельгиялық ата-аналары орталыққа жексенбі сайын ертіп келеді. Курс кәсіби ұстаздардың емес еріктілердің күшімен ұйымдастырылып жатыр.
Мәдина Түсіпова, қазақ мәдени орталығының мүшесі:
- Волонтер болып, қазақ тілі мұғалімі боламын деп шештім. Кішкентай балаларды жақсы көремін, балажанмын. Балалардың жастары төрттен он екіге дейін болғандықтан олар отыра алмайды. Сондықтан оларды жүгірткізіп, отырғызып, билеткізіп, сөйтіп сабақ бердім.
Орталыққа жас жеткіншектер ғана емес ересек қандастарымыз да келіп жүр. Шетелдіктердің де ұлы Абай тіліне деген қызығушылығы зор. Араларында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері көп.
Уэнди Мхазек, Бельгия азаматы:
- Димаштың арқасында мен өзіме Қазақстанды аштым. Сонымен қатар қазақ халқының бай мәдениеті мені ерекше баурап алды. Тілді меңгеру арқылы Ұлы дала елі туралы көбірек білгім келеді.
Ана тілінен бөлек балалар домбыра тартуды да меңгеріп жүр. Жуырда асық, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарды да үйірме бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр. Бауырсақ пен шелпек пісіруді үйрететін шеберлік сабақтары да ұйымдастырылмақ.
Айсұлу Куртулмуш, қазақ мәдени орталығының мүшесі:
- Бүгін біз “Қамажай” қазақ биін үйрендік. Балаларға негізгі қол қимылдарын, позицияларын, қозғалыстарын бәрін, сәлемдесуді үйреттік. Сосын осы шеберлік сабағын тек қазақ тілінде өткізуге тырыстым.
Мәдени орталық алдағы уақытта кеңейіп, ниеттестер санын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек шетелдіктерге еліміздің туристік әлеуетін таныстырып, Қазақстанға саяхаттайтын бельгиялықтар қатарын арттыруға үлес қосқысы келеді.
Ғалымжан Қараманұлы