АҚШ-та ядролық қалдықты сақтайтын орын аз
Дональд Трамп АҚШ-тағы атом энергетикасының қуатын төрт есе арттыруды көздеп отыр.
Ақ үй басшысының айтуына қарағанда, бұл көрсеткіш алдағы онжылдықта 400 гигаваттқа жетуге тиіс. Сұраныстың артуына жасанды интеллектінің қарқынды дамуы және электркөлік өндірісіне басымдық берілуі себеп. Алайда атом энергетикасының қауіпті тұстары да бар. Мәселен, ядролық қалдықтар. Ал мұны реттеудің тиімді жолы бар ма?!
Дональд Трамптың деректер орталықтарын энергиямен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жоспарлары күн тәртібіне ескі мәселені қайта шығарды. Ол - аса уытты қалдықтарды көму мәселесі. Мұндай қалдықтар ядролық реакторлардың жұмысы нәтижесінде пайда болады. Алайда басты қиындық ел аумағында оны сақтайтын қойманың жоқтығы. Қазір шамамен 100 мың тонна радиоактивті материал атом электр станцияларында уақытша сақтаулы. Әрі бұл көлем жыл сайын ұлғайып отыр. Мәселені шешу үшін билік қалдықтарды жер астына орналастыруға дайын өңірлерге іздеу жариялады. Есесіне штаттарға федералдық қолдау мен атом энергетикасына инвестиция тартуға жәрдем беріледі. Штат тұрғындарына ойлануға 60 күн мерзім берілді.
Лейк Барретт, АҚШ ядролық реттеу комиссиясының экс-қызметкері:
- Әкімшілік әпакеттік келісімә ұсынды. Яғни келісімін берген әр штат қомақты қаржылай қолдау алады. Қазір Юта мен Теннесси аталған инвестициялық ұсынысқа қызығушылық танытып отыр.
Мұндай әрекеттерге америка қоғамы наразы болып келді. АҚШ Энергетика министрлігі ядролық қалдықтарды тұрақты көму орнын іздеуді 1983 жылы бастаған. Бес жылдан кейін Невада штатындағы Юкка тауын таңдады. Алайда 2010 жылы президент Барак Обама жобаны қаржыландыруды тоқтатты. Бұған штаттың экологиялық қауіпсіздігіне алаңдаған Невада заң шығарушыларының белсенді қарсы әрекеті себеп болды. Сол уақытқа дейін жобаға шамамен 15 миллиард доллар жұмсалған.
Ядролық қалдықтарды сақтаудың тиімді әдісі
Ядролық қалдықтарды сақтаудың төрт түрі бар. Алайда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ең тиімді әдіс ретінде сейсмикалық тұрғыдан тұрақты аймақтарда терең жер асты қоймаларын салуды жөн санайды. Бұл бағытта Финляндияның тәжірибесі мол. Бұл елде 2015 жылдан бері «Онкало» жер асты қоймасы жұмыс істеп тұр. Пайдаланылған ядролық отын мыс контейнерлерге салынып, жанартаулық сазбен оқшауланады да, 400 метрден астам тереңдікте гранит жыныстарының ішіне көміледі. Бұл тәжірибені өзге елдер де үйреніп жатыр. Швеция өткен жылдың басында өз тұрақты қоймасының құрылысын бастады. Оны 2030-жылдардың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отыр. Канада Онтарио провинциясында алаңды бекітіп үлгерді, пайдалануға беру мерзімі 2040-жылдардың соңына белгіленген. Швейцария мен Франция да атом қалдықатрн сақтайтын орындарды анықтап, 2050 жылға қарай өз нысандарын ашуды көздеп отыр.
Ядролық қалдықтардан келер қауіпті азайту үшін ғалымдар ұсынған тың әдіс бар. Ол жабық отын цикліне көшу. Бұл дегеніміз ядролық қалдықтарды қайта өңдеп, оларды екінші рет пайдалануға мүмкіндік беретін технология. Оны жүзеге асыруға жылдам нейтронды реакторлар көмектеседі. Мұндай реакторлар дәстүрлі реакторларға қарағанда ураннан 60-70 есе көп энергия алады.
Алайда толық қауіпсіздікке ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне, мұндай қоймаларды салу мен күтіп ұстау орасан зор шығынды талап етеді. Технологиялар қарқынды дамып жатыр. Бірақ ядролық қалдықтар мәселесі тек ғылыми емес, саяси шешімдерді қажет етеді.