Д.Трамп Канададан өтемақы талап етті

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан өтемақы талап етті. Әйтпесе екі ел арасына салынған жаңа көпірдің ашылуына жол бермеймін деп ескертті.

Ақ үй басшысы активтің жартысына Құрама Штаттар иелік ету керек дейді. Көпір Мичиган штаты мен Канаданың Онтарио провинциясы арасын жалғайды. Жоба құны - 4 млрд доллар. Құрылысты Канаданың федералдық үкіметі қаржыландырған. Бірақ Президент Трамп Оттаваға көпір Америкада жасалған өнімдерден салынбаған әрі бұл нысан арқылы Канада АҚШ-тың нарығын пайдаланады деп шүйлігіп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Канада салып жатқан көпірден Америка Құрама Штаттары пайда көрмейді. Оттава АҚШ нарығын пайдаланып отыр. Сөйте тұра, біздің алкоголь өнімдерімізді Онтариоға кіргізбейді. Оттаваның АҚШ сүт өнімдеріне салып отырған салығы да тым жоғары. Бұл шаруаларымыздың шығынын көбейтті. Көпір ашылсын десе, Канада мұның өтемақысын төлеуі тиіс. Бұл нысанның жартысына АҚШ иелік етуі керек.