«Қауіпсіз үшінші елдердің» тізімі жасалды
Еуроодақ енді босқын мәртебесін сұраушы азаматтарды өзге үшінші мемлекеттерге жібере алады. Еуропарламент тиісті заңды мақұлдады.
Депутаттар миграциялық заңнаманы қатаңдататын екі құжатты қабылдады. Сондай-ақ «қауіпсіз елдердің» тізімін жасады. Бұдан былай дәл осы елдерден келетін азаматтарға Еуропа аумағына кіріп, босқын атану әлдеқайда қиындай түспек.
Страсбургта өткен пленарлық отырыста «қауіпсіз үшінші елдер» тізімін бекіту туралы шешімді 408 депутат қолдады. Оған Бангладеш, Мысыр, Үндістан, Колумбия, Косово, Марокко және Тунис енгізілді. Бұдан былай бұл елдердің азаматтарының өтініштері жылдам тексеріледі.
Бірақ көп жағдайда оларға босқын мәртебесі берілмеуі мүмкін. Өйткені бұл мемлекеттерде ахуал тұрақты деп танылып отыр. Сондай-ақ енді Украинадан өзге Еуроодаққа кіруге үміткер елдер, атап айтқанда, Түркия мен Сербия да қауіпсіз ел қатарына жатқызылды. Бастысы онда соғыс немесе адам құқығына елеулі қауіп төндіретін жағдайлар болмауы қажет.
Лена Дюпон, Еуропарламент депутаты:
- Бұл ЕуроОдаққа мүше мемлекеттерге үшінші елдермен ынтымақтастықты бұрынғыдан басқаша пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа ережелер халықаралық құқыққа сай және Еуропа елдерінде босқын мәртебесін беру туралы өтініштерді ұзақ уақыт қарастыру мәселесін шешуге көмектеседі.
Тағы бір өзгешелік бұдан былай азаматтар Еуропада босқын мәртебесін алу үшін үшінші елдерде орналасқан орталықтарға жіберіліп, сол жерден өтініш береді. Мемлекеттер арнайы келісім жасасады. Мұндай тәжірибені бұған дейін Ұлыбритания қолданған. Яғни жаңа жүйе бойынша кәрі құрлық елдері үшінші мемлекеттерді қаржыландырады, ал олар өз кезегінде Еуропаға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі. Алайда бірқатар депутат бұл шешімге қарсылық танытты.
Сесилия Страда, Еуропарламент депутаты:
- Кез келген мемлекет ақша алуы үшін мұндай келісімге баратыны анық. Заңға енгізілген бұл өзгерістер босқындардың құқықтарына да еуропалық демократияға да қайшы.
Дегенмен жаңа ережелер Еуроодақтың көші-қон және босқын мәртебесін беру шаралары пакетінің бір бөлігі саналады. Қос заң маусым айында күшіне енеді. Кейбірі мерзімінен бұрын қолданыла бастауы мүмкін. Бірақ оған дейін Еуропалық Кеңестің ресми мақұлдауынан өтуі қажет.