Халықаралық тәртіп күйреу алдында тұр

Франция алғаш рет Германиямен ядролық тежеу мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатуға бейіл.

Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында мәлімдеді. Үш күнге жалғасқан конференция аяқталды. Осымен 62-ші рет ұйымдастырылған Германиядағы жиынға 50-ге жуық мемлекет басшысы, 90-нан астам Қорғаныс және сыртқы істер министрі келген. Осының өзі күн тәртібінде қауіпсіздікке қатысты шешімін таппаған мәселелердің көптігін айқындай түскен тәрізді. Қатысушылар трансатлантикалық қарама-қайшылықтар, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс және Еуропаның қорғаныс әлеуетін талқыға салды. Сөйтіп бұл конференция несімен есте қалды? Нәтиже қандай?

Соғыстан кейінгі халықаралық тәртіп күйреу алдында тұр. Күллі әлем ұстанған үйреншікті ережелер өз күшін жоғалтты. Жүйе толығымен өзгеруде. Дәл осы мәселе Мюнхен конференциясының басты тақырыбына айналды. Әлем жаһандық күн тәртібін айқындайтын үлкен державалар саясатының дәуіріне аяқ басты. Қазір Еуропаға қысым күшейді. Тұрақсыздық жағдайында кәрі құрлық елдері қорғаныс, экономика және демократияны қорғау мәселелерінде жылдам әрі бірлесе әрекет етуге уағдаласты.   

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:

- Барлау, терең соққы жасау және ғарыштағы стратегиялық күштердің еуропалық базасын құру қажет. Өзара қорғаныс жайлы еуропалық хаттаманы іске асыратын уақыт келді. Мұның бәрі ЕуроОдақтың келісім-шартында айқын жазылған. Міндетіміз – қандай да бір агрессия жағдайында бір-бірімізге қол ұшын созу.

Кәрі құрлық елдерінің көшбасшылары өзіне тиесілі жерді сақтап қалу үшін күш көрсетуден тайынбайтынын сенімді түрде жеткізді. Еуропа сыртқы агрессияға төтеп беріп, аяққа нық тұруға ұмтылады. Қазір трансатлантикалық сенімді қайта қалпына келтіру міндеті тұр. Ұлыбритания 2020 жылы Еуроодақ құрамынан шығып кеткені белгілі. Осыған қарамастан ұйыммен бірге екенін білдірді. Елдің премьер-министрі Кир Стармер қорғаныс күштерін дамыту маңызды екенін атап өтті. Өйткені бұл - бүгінгі күннің валютасы дейді. Сол себепті алдағы уақытта Арктикаға ұшақ тасығыш соққы беру тобын жібермек. Оны «Уэльс ханзадасы» атты ірі әуе тасығыш кемесі басқарады. Құрамында 40 ұшақ, 1 күзет кемесі, минатасушы, су асты қайығы және жабдықтау кемесі бар.    

Кир Стармер, Ұлыбританияның премьер-министрі:

- Биыл Ұлыбритания ұшақ тасығыш соққы беру тобын Солтүстік Атлантика мен Қиыр Солтүстікке жібереді. Ол АҚШ, Канада және НАТО аясындағы өзге де одақтастармен бірлесе әрекет етеді. Бұл еуроатлантикалық қауіпсіздікке деген бейілділігіміздің дәлелі болмақ.

Дания премьер-министрі конференция барысында Гренландиянын сатылмайтынын, арал тұрғындарының америкалық атануға құлықсыз екенін шегелеп айтты. Кейінгі кездері Гренландия төңірегінде Құрама Штаттар мен Еуропа текетіресі ушыға түскені белгілі. Әйтсе де, Мюнхендегі кездесу барысында тараптар арасы біраз жылығаны байқалады. Қаншалықты мықты болғанымен, АҚШ жалғыз әрекет етуге қауқарсыз екніне көз жеткізсе керек. Мұны мемлекеттік кеңесші Марко Рубио мойындап отыр.

Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- АҚШ пен Еуропаның болашағына бей-жай қарай алмаймыз. Кейде арамызда келіспеушіліктер туындап жатса да, бұл Еуропаның тағдырына алаңдаушылық себеп. Біз тек экономикалық, әскери салада ғана емес. Біз рухани, мәдени тұрғыдан байланыстымыз. Мақсатымыз – бір-бірімізден қол үзу емес. Керісінше, бұрыеғы достықты жандандыруға талпынамыз.

Сыртқы агрессиядан қорғану мақсатында Еуропада ядролық тежеу жайлы пікірлер айтыла бастады. Яғни ядролық қаруды алғашқы болып қолданбай, басқыншылық кезінде қарсыласқа тойтарыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік доктринасы. Осы мәселе бойынша Франция тарихта алғаш рет Германиямен күш біріктірмек. Әзірге бұл диалогтың бастапқы кезеңі. 2020 жылы Франция президенті елдің ядролық арсеналында 300-ге жуық оқтұмсық бар екенін айтқан еді.

АҚШ пен Украина келіссөз жүргізді 

АҚШ-тың мемлекеттік кеңесшісі Марко Рубио конференция аясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп үлгерді. Тараптар 17-18 ақпан аралығында Женевада өтетін Ресей, Украина, АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздерді талқылады. Украина көшбасшысы қауіпсіздік кепілдіктері мен ел экономикасын қалпына келтіру мәселелерін көтерді. Зеленскийдің айтуынша, Вашингтон Украинаға 15 жылдық қауіпсіздік кепілдігін ұсынуға дайын. Алайда Киев мерзімді 30-50 жылға дейін созуды сұрайды.

Марк Рютте, НАТО бас хатшысы:

- Қауіпсіздік кепілдіктеріне келер болсақ, НАТО үшін ең маңыздысы - оның қайтадан күш біріктіруінде. Кейінгі бірнеше күнде альянстың ойлау деңгейі біраз өзгерді. Еуропалықтар қазір НАТО-да жетекші рөл атқара бастады. Украинаның мықты болуы үшін НАТО-ның 32 одақтас елі де мықты болуға тиіс.

Еуроодақ Украинаға €90 млрд бөледі

2026-2027 жылдары Еуроодақ Украинаға 90 млрд еуро көлемінде қаржылық көмек беруді жоспарлап отыр. Оның 60 млрд-ы қорғаныс саласына, ал 30 млрд-ы бюджетті қолдауға бағытталады. Бұл шешімді Еуропарламент мақұлдады, енді тақауда Еуроодақ Кеңесі бекітуі қажет.

Иран Мюнхен конференциясын сынға алды

Ал Иран делегациясына форумға қатысуға рұқсат берілмеді. Оған себеп – биліктің елдегі жаппай наразылықтарды күшпен басуы. Бұл шешім Тегеран тарапынан қатаң сынға ұшырады. Ал жиынға Иранның тақтан тайдырылған шахының ұлы, оппозициялық саясаткер Реза Пехлевинің шақырылуы жағдайды ушықтыра түсті. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи конференцияның саясиланғанын мәлімдеді. Ол Еуропалық Одақтың Таяу Шығыстағы ықпалы әлсірегенін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, Мюнхендегі жағдай Иран мен Батыс елдерін одан әрі алшақтатып, арадағы сенім дағдарысының сақталып отырғанын аңғартады. Демек қауіпсіздік, ядролық бағдарлама және аймақтық саясат мәселелері алдағы уақытта да халықаралық күн тәртібінде өзекті болып қала бермек.