Түркияда Рамазан айына қызу дайындық басталды

Қасиетті мерекенің ең басты нышаны саналатын пиде тағамы елдегі наубайханаларда жаппай пісіріле бастады. 

Алайда биыл жұрт талғап жейтін бұл өнім қымбаттады. Оған не себеп? Тек осы күндері сатылымға шығатын дәмнің ерекшелігі неде?

Рамазан айы ресми түрде басталған жоқ. Соған қарамастан Түркияда әзірлік қызу жүріп жатыр. Жергілікті наубайханаларда қамыр иленіп, дәстүрлі Рамазан пидесін пісіруге дайындық күшейген. Қазір біз халыққа әлеуметтік бағамен өнім ұсынатын өндіріс орнында тұрмыз. Мұнда нанның бірнеше түрі дайындалады. Ал Рамазан пидесі жыл бойы емес, тек қасиетті айда пісіріліп, сатылымға шығады.

Осман дәуірінен бастау алатын дәм бұрын әр үйде пісірілсе, қазір тек кәсіби наубайханаларда дайындалады. Жылдар өтсе де, әзірлеу тәсілі өзгермеген. Ашыған қамырдан жасалатын дөңгелек пішінді өнімнің бетіне өрнек салынып, күнжіт себіледі. Кейін қызған тас пеште пісіріледі. Анадолы жерінде бұл өнім ауызашар дастарқанының басты тағамы саналады.

Бейтуллах Йалчын, Анкара қалалық Әлеуметтік нан зауытының директоры:

- Бұл дәстүр Түркияда ежелден жалғасып келеді. Жылына бір мәрте пісіріледі. Басқа нандардан аса қатты айырмашылығы жоқ, дәстүрлі өнім болған соң сұраныс та жоғары. Күніне шамамен 30-40 мың дана пиде нанын өндіреміз.

Анкарадағы бұл әлеуметтік кәсіпорын 44 жылдан бері халықты түрлі нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Былтыр наубайхана 350 грамдық Рамазан дәмін 14 лирадан, шамамен 160 теңгеден саудаласа, биыл баға 100 теңгеге қымбаттаған. Ал жекеменшік сауда орындарында оның құны 400 теңгеге дейін жетеді. Бұл – жергілікті наубайханашылар федерациясы бекіткен баға. Мамандар бағаның өсуін өндіріс шығындарының артуымен байланыстырады.

Бейтуллах Йалчын, Анкара қалалық Әлеуметтік нан зауытының директоры:

- Біз үшін ең үлкен шығын – ұн мен энергия. Кейінгі бірнеше айда олардың бағасы қатты өсті. Бұған қоса жұмысшыларға төленетін жалақы бар, инфляция да әсер етіп отыр. Осы себепті Рамазан пидесінің бағасын қайта қарауға мәжбүр болдық. Дегенмен әлеуметтік жауапкершілікті ескеріп, өнімді нарық бағасынан 36 %-ға төмен ұсынып отырмыз.

Сарапшылар баға өсімі тек пидеге емес, жалпы азық-түлік нарығына тән үрдіс екенін айтады. Ал тұрғындар болса өнім қымбаттағанына қарамастан оны сатып алу дәстүр деп санайды. Өйткені Рамазан наны қасиетті айда әр түріктің дастарханынан табылуы тиіс мәдени әрі рухани нышан.

Рамазан пидесінің қымбаттауы маусымдық сұраныстан емес, елдегі жалпы экономикалық өзгерістен туындап отыр. Дегенмен қасиетті айда шығын артса да, дәстүр жалғаса береді. Өйткені Анадолы жұрты үшін бұл дәм – Рамазанның ажырамас бір бөлігі.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков