Куба жаппай электромобильдерге көшіп жатыр
АҚШ Венесуэланың мұнай секторына қатысты санкциялар режимін жеңілдетеді. Құрама Штаттар елде халықаралық корпорациялардың жұмысын қалпына келтіруге жол ашатын екі жалпы лицензияны қолданысқа енгізді. Тақауда Венесуэлаға АҚШ-тың Энергетика министрі барған еді, енді президент Дональд Трамп ат басын тіремек.
Ақ үй басшысы бұған дейін Венесуэлада бұрын-соңды болмаған, бірақ ел естіп, көрмеген көлемде мұнай өндіреміз деп уәде берген еді.
Енді Трамп неге олай деді? Уәде іс жүзінде орындала ма? Инвестиция қаншалықты ақталады? Мұны Мөлдір Жақан «Шартарап» айдарында баяндайды.
Венесуэланың мұнай-газ секторына сенім аз
Тақауда Венесуэланың Ұлттық Ассамблеясы елдің мұнай өнеркәсібіне жеке және шетелдік инвестицияларға рұқсат беретін заң қабылдады. Бұл – жиырма жылдық қатаң мемлекеттік бақылаудан кейін қабылданып отырған алғашқы құжат. Осыдан соң АҚШ--тың энергетика министрі Крис Райт Венесуэлаға барды. Елдегі мұнай-газ секторымен егжей--тегжейлі танысты. Қазір Вашингтон елдегі мұнай-газ секторын жандандыру үшін барын салуда.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Венесуэла президентімен тығыз байланыстамыз. Ірі компаниялары мұнай өндіреді. Оны қомақты қаржыға сатады. Ал Венесуэла соның біраз бөлігін алатын болады. Өндірілген мұнайды өңдеу біздің ғана қолымыздан келеді. Қазір елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде.
Айтуға оңай, әрине. «Алайда іс жүзінде энергетикалық компаниялар біраз қиындыққа тап болады» — дейді сарапшылар. 10-15 жыл бұрын Венесуэла қазіргімен салыстырғанда тәулігіне 1,5 миллион баррельге дейін көп мұнай өндірген. Ал қазір мемлекеттік мұнай компаниясының жағдайы мүшкіл. Саладағы инфрақұрылым көп жылдан бері күтім көрмеген соң, әбден тозған. Қараусыз қалғаны тоңалды. Ресми деректерге сүйенсек, Венесуэлада 300 миллиард баррель мұнай қоры бар. Алайда сарапшылар бұл көрсеткішке күмәнмен қарайды. Өйткені жер қойнауындағы қара алтынның басым бөлігі – қышқыл, ауыр мұнай. Оны өндіру әлдеқайда қиын. Венесуэла мұнайының сапасын қара алтын қоры бойынша екінші орында тұрған Сауд Арабиясымен салыстырсақ, едәуір нашар. Ондағы күкірттің көп мөлшері құбырлардың тот басуына әкеледі.
Франсиско Мональди, Райс университеті Латын Америкасы энергетикалық бағдарламасының директоры:
- Венесуэлаға өндірістің бұрынғы деңгейіне қайта оралу үшін 8-10 жылдай уақыт кетеді. Сондай-ақ шамамен 100 миллиард доллар инвестиция қажет. Ал бұған саяси тұрақсыздық, сенімді институционалдық база, Венесуэла мен АҚШ арасындағы тұрақты қарым-қатынас тұрғысынан көптеген шартты келістіру қажет. Қазіргі мұның бәрі қаншалықты мүмкін екені сұрақ күйінде қалып отыр.
2019 жылы АҚШ санкциялары енгізілгенге дейін Венесуэла Құрама Штаттарға күніне жарты миллион баррель мұнай экспорттады. Қазір бұл көрсеткіш 140 000 баррель айналасында. Канада да дәл осындай тұтқыр мұнай өндіреді. Осы уақытқа дейін біраз бөлігін АҚШ-қа сатып келді. АҚШ-тың Мексика шығанағы жағалауында ауыр мұнайды өңдеуге оңтайландырылған өңдеу қондырғылары бар. Енді Венесуэла өнеркәсібінің жандануы Канада үшін қиындықтар тудыруы мүмкін.
Инвесторлардың көңілі күпті
Америкалық билік рұқсат берген лицензия аясында Chevron, BP, Eni, Shell және Repsol сияқты алпауыт компаниялар Венесуэла аумағында қара алтынды белсенді өндіруге орала алады. Сондай-ақ кәсіпорындар бүкіл әлем бойынша елдің мұнай және газ саласындағы жаңа жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Дегенмен, Ресей, Иран және Қытай фирмаларымен мәміле жасасуға тыйым салынған. Әзірге бұл шешім өткен айда АҚШ жүргізген операциядан кейін Каракасқа қысымның әлсіреуінің ең үлкен көрінісі.
Франсиско Мональди, Райс университеті Латын Америкасы энергетикалық бағдарламасының директоры:
- Қысқа мерзімді перспективада инвестицияның екі түрін алу салыстырмалы түрде оңай болады. Солардың бірі - Chevron инвестициялары. Өйткені Chevron қазірдің өзінде Венесуэладаға кен орындарында жұмыс істейді. Тапқан ақшаның бір бөлігін қайта инвестициялайды. Компания үшін тәуекелдер азырақ. Сондай-ақ тағы бірнеше еуропалық компанияларды қарастыруға болады. АҚШ оларға америкалық кәсіпорындармен теңдей мүмкіндік берсе, Repsol, Maurel және Рrom компаниялары да өндірісті жылдам арттыра алады.
Венесуэла мұнайын сатудан түскен табыс 1 миллиард доллардан асты. АҚШ алғашқы 500 миллион долларды Қатардың шотына салған. Осыдан кейін қаражатты Венесуэлаға қайтарды. Конгресстегі демократтар келісімнің ашықтығы мен заңдылығына күмән келтірді. Дегенмен, АҚШ-тың энергетика министрі бастапқы қаражатты Қатарда орналастыру себебін Каракастың қарызға белшеден батуымен байланыстырды. Несие берушілер Венесуэладан ақшаны тартып алады деген қауіп басым.
Әйтсе де, жеткілікті мемлекеттік ынталандырулар болмаса, компаниялар салдары тым қымбатқа түсуі мүмкін тәуекелге барғысы келмейтіні анық. Оның үстіне Трамп әкімшілігі Венесуэладағы мұнай компанияларына қауіпсіздік кепілдігін ұсынуға құлықсыз. ExxonMobil америкалық ірі мұнай—газ корпорациясының басшысы Даррен Вудс Венесуэланы қазіргі күйінде "инвестиция үшін жарамсыз" деп атады.
Куба жаппай электромобильдерге көшіп жатыр
Ал Венесуэланың одақтасы Куба жаппай электромобильдерге көшіп жатыр. АҚШ мұнай блокадасын күшейткелі бері елдегі жағдай күн санап қиындап барады. Ел экономикасы шатқаяқтап тұр. Жанар-жағармай жоқтың қасы. Осы себепті электрлі автобустар мен велотаксилерге сұраныс артты. Әуе рейстері тоқтатылып, мемлекет басты табыс көзі саналатын туристерден қағылып отыр. Тіпті жыл сайын өтетін атақты сигара жәрмеңкесі кейінге қалды.
Эудженио Гайнца, велотакси жүргізушісі:
- Күн сайын 16 сапар жасаймыз. Тұрғындар үшін бұл маңызды. Өйткені отын жоқ. Бұл қиын жағдайды жеңілдетіп, мәселені шешуге көмектесіп жатқан жалғыз көлік құралы.
Куба энергия ресурстарының шамамен 60%-ын импорттайды. Ел ұзақ уақыт бойы Венесуэла мен Мексика жеткізетін мұнайға тәуелді болып келді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп қаңтар айының соңында Кубаға мұнай сататын кез келген елге тариф енгізуі мүмкін екенін ескерткен. Вашингтон осылайша аралдағы коммунистік билікке саяси және экономикалық реформалар жүргізу үшін қысым көрсетіп отыр. Бұл көп ұзамай Куба Венесуэланың тағдырын қайталамай ма деген күдік туғызады