Өзбекстанда қазақстандық көлікпен жүру ережесі өзгеруі мүмкін

Қазақстан азаматтарының Өзбекстанда өз көлігімен жүру мерзімі 90 күннен 180 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы Өзбекстанның Мемлекеттік кеден комитеті хабарлады.

Мәселе жоғары деңгейде көтеріліп, заң жобасы әзірленіп жатыр. Қазіргі ереже бойынша Қазақстан азаматтары егер өз көліктерімен 90 күн жүріп, ары қарай ұзартатын болса, тәулігіне 16 500 теңге төлеуі тиіс екен.

Қазақстан азаматтары Өзбекстанға көліктерін тізгіндеп келетін болса, 90 күннен артық жүре алмайды. Сондай-ақ заң бойынша жаңағы автомобиль 3 айдан соң, шекарадан шыққаннан кейін, бір жыл бойы Өзбекстанға кірмеуі керек. Демек қазақстандық кәсіпкердің 90 күн сайын ауыстыратын 4-5 көлігі болуы шарт.  

Нұржалғас Омаш, қазақстандық кәсіпкер: 

-  Менің бір танысым бар. Ол осы жақта жұмыс істейді. Бір жылда 4 көлік ауыстырады. Біз сияқты кәсіпкерлерге өз көлігімізбен жүру ыңғайлы. Көлік жалдау құны арзан емес. Мәселенің оң шешілгенін қалаймыз. 

Ал керісінше Өзбекстан азаматтары Қазақстанда өз көліктерімен еркін жүре алады. Бір жылдан соң, шекарадан шығып, қайта кіруге мүмкіндік жасалған. Қазақстандық кәсіпкерлердің өтініші үкіметаралық деңгейде қаралып, оң шешімін табуы тиіс-дейді кеден комитетіндегілер.

Фарход Олимжонов, Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің басқарма басшысы:

- Қазіргі уақытта бұл мерзімді ұзарту мәселесі пысықталып жатыр. Біз  қазақстандық әріптестерімізбен бірнеше кездесу өткіздік. Тиісінше бүгінде  біздің басқарма аталған мерзімді 90 күннен 180 күнге дейін ұзарту туралы  заң жобасын әзірлеуде.

О баста отандық автоөндірісті қолдау үшін жасалған заң жобасы уақыт өте келе толықтыруға зәру. Себебі шетел инвесторларын елге тартпас бұрын оларға жайлы климаттың жасалуы әлемдік тәжірибеде бар. Еске салайын бүгінде Қазақстанның мыңнан аса компаниясы Өзбекстанда жұмыс істейді. Олардың дені құрылыс саласы мен қаржы секторында шоғырланған.