Биылғы қыс бұрынғыдан өзгерек

Күннің көзі бүгін 1 градусқа дейін жылып, ертең 25-30 градусқа дейін аяз бола салады. Қыс ортасында жаздағыдай жаңбыр сіркірейді.

Артынша сақырлап аяз тұрады. Биыл табиғат осылай буырқанып тұр. Бұл нені білдіреді? Мұндай жағдай тек бізде ғана ма әлде әлемде осылай болып жатыр ма?

Сөйтіп жаңағы айтқан, ғаламшар жылынып жатса да, аяздың күшеюіне не себеп? Мұның арты, яғни жазда не болмақ? 

Биылғы қыс бұрынғыдан өзгерек

Биылғы қыс әлем елдерін біраз әбігерге салды. Әсіресе, «қыс шілдесі» - қаңтар айы оңай болмады. Камчаткада кейінгі 60 жылда болмаған ірі көлемде қар жауып, төтенше жағдай жарияланды. Қаңтардың басында өңірде ақ ұлпа деңгейі 3 метрге дейін жеткен. Бұған Охот теңізінде үздіксіз пайда болған циклондар әсер етсе керек. Еуропада биылғы қаңтар 2010 жылдан кейін ең суық ай атанды. Орташа температура –2,34 градусқа жеткен. Бұл климаттық нормадан 1,63 градусқа төмен. Ал Жапонияның Аомори қаласында ақ ұлпа биіктігі 183 см—ге дейін барды. АҚШ та қарлы боранға тап болды. Табиғаттың тосын мінезі 30-ға жуық адамның өмірін қиды. Жалпы әлемдегі ең ауқымды қарлы боран осы АҚШ-та тіркеліп, Гиннес рекордтар кітабына енген. 1959 жылы 13-19 ақпан аралығында Калифорния штатында шамамен 5 метрге дейін қар жауған. 

Нью-Йорк тұрғыны:

- Бұл менің бала кезімде көрген күн райының жанында түк емес. Шамамен 9-10 жаста болғанымда қыстың біраз уақытында ауа температурасы 0 градусқа дейін түсетін. Қар күні-түні тоқтамай жауатын.  

Арктика жылынса, Еуразия суиды

Иә, мұндай ызғарлы қысты былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстыруға келмейді. 2025 жыл метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең жылы кезеңдердің үштігіне енген еді. Ал биыл атмосфера әлдеқайда тұрақсыз екені байқалады. Қазір ғаламшардағы күн райы жүйелерінің біркелкі қозғалысын қамтамасыз ететін ауқымды айналым процестері әлсіреген. Салдарынан суық арктикалық ауа оңтүстікке бұрынғыға қарағанда әлдеқайда алыстау енеді, ал жылы ауа солтүстікке қарай жылжиды. Бұл температура қарама-қайшылықтарға әкеледі. Күн райы кенеттен суытып, әлемнің көптеген бөлігінде әдеттен тыс қалың қар жауады.

Ирина Делюсина, Калифорния университеті Жер және ғаламшарлар ғылымы факультетінің ғылыми қызметкері:

- Қазір циклондар мен антициклондар барған сайын баяу қозғалуда. Себептердің бірі - "джетстрим" құбылысы. Бұл циклондар мен антициклондарды батыстан шығысқа қарай бағыттайтын атмосфераның жоғарғы қабатындағы жылдам ауа ағыны. Қалыпты жағдайда ол солтүстік полюстің айналасындағы жоғары ендіктерде суық арктикалық ауаны ұстап тұрады. Әлсіреген кезде бұғаттаушы антициклондар пайда болады. Бұл жағдайда экстремалды құбылыстардың ықтималдығы артады. Антициклондар аязға ұласады, ал жазда құрғақшылық тудырады.  

Арктиканың жылынуы қысқа мерзімде күн райының күрт суытуына ықпал етіп отыр. Ондағы ауа температурасы орташа деңгейден бірнеше есе жылдам көтеріліп жатыр. Биыл сондай-ақ стратосфералық полярлық құйынның әлсірегені байқалады. Арктиканың төбесіндегі құйын күшті болса, полюстердің маңында аязды ұстап тұрады. Ал ол бұзылып не әлсіресе, суық ауа атмосфераның төменгі қабаттарына лап береді. Қазіргі циклондарда ылғал көп. Өйткені жылыну жағдайында мұхиттар мен құрлық бетінен булану қарқынды жүреді. Ылғалмен қаныққан жүйелер суық ауамен араласқанда, қар бұрынғыға қарағанда қарқынды болып, ұзаққа созылады. Арктиканың қарқынды жылынуы атмосфералық айналымды бұзады, суық ауаның Еуразия аймақтарына ығысу ықтималдығын арттырады. Осыдан "Жылы Арктика  - суық Еуразия" феномені пайда болған.

Джос Леливельд, физик-атмосферолог:

- Арктикалық ауа Солтүстік Америка және Еуропаға бағыт ала бастады. Бұған дейін ол осыншама алысқа енбейтін. Бұл құбылыстар ертеректе климаттың өзгеруіне дейін де болған. Алайда Арктиканың жоғары қарқынмен жылынуы салдарынан ауа ағыны тұрақсыз болып барады. Оның құрылымы, күллі атмосфераның температуралық режимі өзгеріске ұшырайды.

Қыс мезгілі түбегейлі өзгереді

Ғалымдарды сондай--ақ мұздықтардың еруі алаңдатып отыр. Өйткені мұздықтар климатты реттеп, ғаламшарды қызып кетуден қорғайды. The World Counts мәліметтеріне сенсек, жаһандық жылынуға байланысты жыл сайын әлемде 750 миллиард тонна мұз ериді. Осыған байланысты теңіздер мен мұхиттарға тұщы судың көп мөлшері түседі. Ол мұхит ағындарын баяулатады және су айналымын бұзады. Мысалы, Гренландия мұздықтарының еріген суы Гольфстрим теңіз ағынын әлсіретуі мүмкін. Егер Гольфстрим теңіз айналымы толығымен тоқтаса, Солтүстік Америка, Азия мен Еуропаның жекелеген бөліктерінде орташа температура бірнеше градусқа төмендейді және күллі әлемде күн райы өзгереді.

Жаһандық жылыну қысты толығымен жоққа шығармайды. Келешектің басты мәселесі қыс мезгіліне тән әдеттегі маусымдық заңдылықтардың жоғалуында. Арктиканың жылынуы, атмосфера ылғалдылығының жоғарылауы қыстағы күн райының сипатын өзгертеді. Ал алдағы уақытта тұрақсыз күн райы мен төтенше құбылыстар тек арта бермек.