Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтеді

Бүгін әлем жұртының назары тағы Вашингтонда. АҚШ астанасында Дональд Трамптың бастамасымен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиыны өткелі жатыр.

Астана уақытымен бейсенбінің кешінде басталатын іс-шараға 30-дан аса елдің басшылары мен билік өкілдері қатысады. Басты тақырып - Газадағы бейбітшілік мәселесі. Ақ үй басшысы арнайы қордың, қауіпсіздікке қажетті әскердің жұмысына қатысты маңызды жайттар талқыланады.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Газа бойынша “Бейбітшілік кеңесінің” алғашқы отырысы дәл осы ғимаратта өтеді. 4 қабатты нысан Бейбітшілік көгершіні сияқты жобаланған. Соңғы бірнеше күнде ғимаратқа кіріп-шығып жатқан көлік те, кісі де көп. Барлығы халықаралық жиынға қызу дайындалып жатыр. Соңғы 40 жылда бұл құрылым қырғи-қабақ соғысқа, Балқан, Таяу Шығыс, Батыс Сахарадағы дағдарыстарға, лаңкестікпен күреске, Йемен, Сирия, Украина, Судан сынды қақтығыс нүктелеріне назар аударды. Былтыр бюрократиялық өзгерістерге ұшырап, Трамптың атымен жаңаша кейіпке еніп, енді міне Газадағы бейбітшілікке ат салыспақ. Соған қатысты ауқымды жоспарлар жайлы Ақ үй басшысы әлеуметтік желісінде былай деп жазды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бейбітшілік кеңесінің әлеуеті зор. 19 ақпанда Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында мүше мемлекеттердің Газа секторын қалпына келтіруге 5 млрд доллардан астам қаржы бөлуге, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мыңдаған қызметкер тартуға міндеттеме алғаны хабарланады. Маңызды шарт — ХАМАС-тың толық әрі жедел қарусыздануы. Бейбітшілік кеңесі тарихтағы ең ықпалды халықаралық ұйымға айналады.

Мүше мемлекеттердің арасында Қазақстан да бар. Бейбітшілік кеңесіндегі Астананың рөлі туралы Вашинтондағы сарапшылар пікірін білдік.

Ариэль Коэн, Еуразия бойынша сарапшы, саясаттанушы:

- Менің ойымша, Бейбітшілік кеңесінің бұл отырысы тарихи маңызға ие. Себебі алғаш рет Қазақстан секілді Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан, табиғи ресурстарға бай әрі геосаяси маңызы зор жаңа орта державалар жетекші рөлге шығып отыр. Ал Испания, Грекия, тіпті Франция сияқты АҚШ-тың дәстүрлі еуропалық одақтастары Газа мәселесінде белсенділік танытпай отыр. Керісінше, Қазақстан, Индонезия, Түркия секілді елдер жауапкершілікті өз мойнына алып, іске кірісті. Қазақстан АҚШ-пен Таяу Шығыс бағытында ынтымақтастығын күшейтіп, Авраам келісімдеріне қосылды, сондай-ақ стратегиялық көлік дәліздерін дамытуда маңызды серіктеске айналды. Бұған қоса, ел уран саласында да шешуші ойыншы. Президент Тоқаевтың басшылығының арқасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жарты жылда АҚШ-қа міне үшінші рет келді. Ақорда мен Ақ үй телефон арқылы да, хат-хабар жолдап та тығыз байланыста. Ірі халықаралық жиындар шеңберінде де кездесіп жатыр. Бейбітшілік кеңесінің жиынынан соң Қазақстан дипломатиясы тарихының тағы бір жаңа парағы жазылғалы жатыр.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг