Д. Трамп баж салығын 15%-ға көтереді

Дональд Трамп баж салығын әлем бойынша 10 пайыз қылам десе, кеше 15 пайызға көтерем деп өзгеріп шыға келді.

Дегенмен бұл біреуге түрпідей тигенмен, біреуге бұрынғыға қарағанда тәуір. Олай дейтініміз, наурыздың аяғында Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзинпинь кездеседі. Алайда сарапшылардың айтуына қарағанда, келіссөз қарсаңында Вашингтон позициясы бұрынғыдай емес. Бұған Құрама Штаттар Жоғарғы сотының кейінгі шешімі себеп. Яғни әлемнің бірқатар еліне енгізілген төтенше баж салығы өз күшін жояды. Соның ішінде Қытайға енгізілген 145 пайыздық тариф те бар. Демек Ақ үй басшысы Бейжіңмен Америка мүддесі үшін келісім жасап қайтуы екіталай. «Себебі оның қолында қазір қысым көрсететін «көзір жоқ», - дейді сарапшылар. 

Келесі айдың соңында АҚШ-Қытай саммиті өтуге тиіс. Келіссөз 31-наурыз бен 2-сәуір аралығына белгіленіп отыр. Жоспарға сай, Қытай төрағасы Си Цзиньпин президент Дональд Трампты Бейжіңде күтіп алмақ. Басқосуға бір айдай уақыт қалғанда Құрама Штаттардың Жоғарғы соты Ақ үй басшысы енгізген тарифтерді заңсыз деп таныды. Демек Қытайға салынған 145 пайыз баж салығы өз күшін жояды. Бұл Бейжің үшін тиімді әрине. Бұрын Трамп жоғары тарифті қысым құралы ретінде қолданатын. Енді сарапшылардың бірі: «саудаға қатысты текетіресте Қытай АҚШ-пен бұрынғыдай санаса қоюы екіталай десе, енді бірі әлем экономикасын ұршықтай иіріп үйренген Ақ үй басшысы қысым көрсетудің басқа амалын табады», - деп санайды.

Хенри Гао, Сингапур университетінің профессоры:

- Қытай үшін АҚШ сотының нақты бір тарифті заңды немесе заңсыз деп тануы аса маңызды емес. Бейжің үшін АҚШ-тың жалпы саяси бағыты маңызды. Ал Америкада Қытайға қатысты саясат айтарлықтай өзгермейді. Билікке республикашыл немесе демократ президент келсе де, Қытаймен экономикалық бәсекені шектеу керек деген ортақ көзқарас бар. Мысалы, Трамп президенттігінің бірінші мерзімі кезінде енгізген кейбір тарифтерді Джо Байден алып тастаған жоқ.

Америка Жоғарғы сотының шешіміне тоқтайтын президент Трамп жоқ. Енді ол  басқа құжатты, яғни Сауда туралы заңның 122-бабын пайдаланбақ. Ол бүкіл әлемге әуелі 10, кейін 15 пайыз енгіземін деп мәлімдеді. Әйтсе де 150 күннен кейін оған Конгрестің келісімі қажет болады. Ал 145 пайызға қарағанда, 15 пайыз баж салығы Қытай үшін тиімді әрине.

Еуроодақ АҚШ-қа сенбейді 

Төбеден бұйрық түсіріп, әлем елдеріне қатысты қатаң сауда саясатын ұстанатын президент Трамптың кейінгі шешімі басты одақтасы Еуроодақты да алаңдатып отыр. Еуропарламент комитетінің төрағасы Бернд Ланге АҚШ-пен келісімді бекітуді уақытша тоқтатуды ұсынды. Ол Америкадағы қазіргі ахуалды «кедендік аласапыранға» теңеді. «Сондықтан әліптің артын бағайық», - деп отыр. Былтыр президент Трамп пен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен қарт құрлық өнімдеріне АҚШ 15 пайыз, ал америкалық тауарлар Еуропада баж салығынан босатылуға тиіс деп уағдаласқан еді. Алайда Вашингтонның шешімі жиі өзгеріп тұрады. Сондықтан Еуроодақ елдері құжатты бекітуге әзірге асығудың жөні жоқ деп санайды. 

Кларк Паккард, Като саяси зерттеу және сараптамалық орталығының қызметкері:

- Америка Қытайға қарсы жалғыз емес, одақтастарымен бірге әрекет етуі керек. Өйткені Қытайдың сауда саясатын өзгерту үшін ұжымдық қысым қажет. Алайда қазір АҚШ Еуропаға да тариф енгіземіз деп қысым жасап жатыр. Егер Вашингтон Брюссельге сауда соғысын бастаса, олар бір-бірінен алыстайды. Ал алыстаған Еуропа Қытаймен жақындасуы мүмкін. Сонда АҚШ Қытайға қарсы жалғыз қалып қою қаупі бар.

Еуроодақтың ізін ала Үндістан да АҚШ-пен сауда келіссөзін тоқтатты. Өйткені бұрын 50 пайыз тариф төлеуге мәжбүр болған Нью-Дели үшін баж салығы 15 пайызға дейін қысқарады. Қытай мен Үндістан секілді Бразилия, Мексика және Канада үшін де АҚШ-қа тауар тасу жеңілдейді. Ал бұрын төмен тарифпен жұмыс істеген Аргентина, Австралия, Ұлыбританияның жағдайы керсінше қиындайды. Себебі 10 пайыз салықтың орнына 15 пайыз төлеуге мәжбүр болады.

АҚШ импортты ығыстыра алмады 

Былтыр сәуірде президент Трамп өзге мемлекеттерге кіріптар болып келген Құрама Штаттар экономикасы дербестік алады деп, әлемнің бүкіл еліне жоғары баж салығын енгізген еді. Алайда бұдан нәтиже шамалы. Кейінгі деректерге қарағанда, 2025 жылы АҚШ-тың импорты мен экспорты арасындағы айырмашылық, яғни сауда тапшылығы 901 млрд 500 млн долларға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,1 млрд долларға көп. Бұл арада Ақ үй басшысы осыған дейін төленген баж салығын қайтару үшін ұзақ соттасуға тура келетінін ескертті.

Грета Пейш, заңгер:

- Бұрын Трамп әр елмен жеке-жеке келісіп, арнайы мәміле жасайтын. Енді оның бұл дәуірі аяқталды. Әйтсе де қазіргі тарифтер шекарада қалай алынатыны, шешім қашан күшіне енетіні және импорттаушыларға қаражат қашан әрі қалай қайтарылатыны әзірге белгісіз.

Ал Президент Трамп  тариф саясатын Құрама Штаттар мүддесі үшін жасалған шешім деп санайды. Бірақ, оның салдары америкалық  өндірушілер мен бизнеске тұсау болып тұр. Осы ретте Иллинойс штатының губернаторы Ақ үй басшысынан 8 млрд 680 млн доллар өтемақы талап етті. Десе де АҚШ Жоғарғы сотының шешімінен кейін де тарифтердің тоқтайтын түрі көрінбейді. Президент Трамп оның басқа тетігін енгізіп жатыр. Сарапшылар алдағы уақытта Ақ үй басшысы салық енгізудің өзге жолдарына қарастыруы мүмкін деп санайды.