Мексикада есірткі картелі басшысы қаза тапты
Мексика билігі елдегі ең ірі әрі қатыгез қылмыстық топтардың бірін басқарған Немесио Сервантестің көзін жойғанын мәлімдеді.
«Эль Менчо» лақап атымен әйгілі ол есірткі синдикатының жетекшісі ретінде халықаралық деңгейдегі іздеуде болған. Қауіпсіздік күштерімен қақтығыс кезінде Эль Менчо ауыр жараланып, қаза тапқан. Ресми дерекке сәйкес операция барысында бірнеше адам көз жұмып, брондалған көліктер мен қару-жарақ тәркіленді. Осы оқиғадан кейін бірқатар өңірде жолдар жабылып, көліктер өртеліп, бүлік шыққан. Халиско курорттарына баратын рейстер тоқтады. Эль Менчо ұзақ жылдар бойы фентанил, метамфетамин және өзге де ауыр есірткілерді халықаралық нарыққа, әсіресе АҚШ-қа тасымалдаумен айналысқан. Тіпті Америка билігі оны қолға түсіргендерге 15 млн доллар сыйақы берілетінін айтқан.
Клаудия Шейнбаум, Мексика президенті:
- Бүгін Мексика армиясы мен Ұлттық гвардия жүргізген операциядан кейін кейбір жолдар жабылды. Барлық штаттардың жұмысы толық үйлестірілген қалыпта жүріп жатыр. Халықты сабыр сақтап, ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз. Елдің басым бөлігінде жағдай қалыпты. Қарулы күштер мен қауіпсіздік құрылымдарына алғыс айтамын. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін күн сайын жұмыс істейміз.