Жер бетінде топырақ тозып барады

Жер бетіндегі топырақ тозып барады. Қазірдің өзінде 40 пайызы жарамсыз. Біріккен Ұлттар ұйымының болжамына сүйенсек, көрсеткіш 2050 жылға қарай 90 пайызға жетуі мүмкін.

Ал бұл климат өзгерісіне әсер ететін бірден-бір фактор. Былтыр Бразилияда өткен КОП 30 климаттық саммитінде ғалымдар, жаһанды табиғи апаттан қорғау үшін алдымен топырақты сақтау керек деп дабыл қаққан болатын. Әлем елдері бұл мәселені қалай реттеп жатыр? Климат өзгерісіне қатысты зерттеушілер не дейді? 

Топырақ – әлемдегі табиғи көміртегі сіңіргіші. Онда Жердегі барлық өсімдіктердегі, соның ішінде ағаш пен шөптегіден екі есе көп 2800 гигатоннадан астам көміртегі бар. Алайда көміртегін тек сау топырақ сіңіреді, ал тозғаны атмосфераға парниктік газ бөледі. Жаһандық жылынуды 2℃ деңгейінен төмен ұстау үшін қажетті көміртегі шығарындыларының 27 пайызын топырақ өзіне сіңіре алады. Бұл шамамен жылына 3,38 гигатонна көмірқышқыл газы. Алайда топырақты бірқатар ел, климат өзгерісін тежеудің шешімі ретінде  мойындамай отыр.

Марк Маслин, Жер жүйесін зерттеу саласы бойынша маман:

- Біз пестицидтермен уланған, тыңайтқыштарға толы, тозып бара жатқан топырақты пайдаланамыз. Бұл – көпшілік байқай бермейтін үлкен мәселе. Топырақ азық өндіру үшін қажет. 8,2 млрд адамды қамтамасыз ететін азық-түлік те, жануарларға арналған азық та, барлығы топырақпен байланысты.

Мамандардың айтуы бойынша, регенеративті ауыл шаруашылығы мен жерді дұрыс басқару саясаттары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Әрі бұл климат өзгерісін баяулатуға үлкен үлес қосуы мүмкін. Өйткені, қазірде табиғи апаттар жиілеп кетті. Әсіресе құрғақшылықтың салдарынан біраз елде су қоймаларындағы тіршілік нәрі сарқылып, су дағдарысы күшейіп барады.    

Правина Шридхар, Save Soil жаһандық науқанының ғылыми зерттеулер және технологиялар директоры:

- Егер біз тіршілікті сақтайтын топырақты қалыпқа келтіре алмасақ, ол жыл сайын атмосфераға 4 гигатонна көмірқышқыл газын бөледі. Топырақ әлі күнге дейін мұхиттар мен атмосфера сияқты жаһандық құқықтық деңгейде қорғалмаған.

Бұл ретте мамандар жаһандық жылыну мен климат өзгерісінің топыраққа да тигізер кері әсері барын ескертеді.

Авторы: Фариза Жанғанаева