Непалда автобус апатынан 19 адам көз жұмды

Непалда автобус апатынан 19 адам көз жұмды. Олардың арасында 24 жастағы Ұлыбритания азаматы болған. Тағы 25 шақты тұрғын жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Жолаушыға лық толы қоғамдық көлік курорттық қала Покхарадан Непал астанасы Катмандуға бағыт алған. Түн ауа автобус таулы аймақтан өтетін Притхви тас жолынан шығып кетіп, төмендегі өзен жағасына қарай құлаған. Құзырлы органдар марқұмдардың жеке басын анықтау ісімен айналысып жатыр. Оқиғаның себебін анықтау мақсатында тергеу жүргізілуде. Жалпы Непалда тар жолдар мен көлік құралдарының нашар болуына байланысты автобус апаттары жиі тіркеледі. 2024 жылы дәл осы Тришули өзеніне 65 жолаушысы бар автобус құлап, ағып кеткен еді. Кей азаматтардың денесі әлі күнге дейін табылған жоқ.