Непалдағы қар көшкінінен қаза тапқандар саны 15-ке жетті
Непалдағы Химлунг-Химал шыңының базалық лагерінде болған қар көшкінінен қаза тапқандар саны 15-ке жетті, деп хабарлайды 24KZ Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін іздеу-құтқару тобы тағы сегіз адамның денесін тапқан. Қаза болғандардың екеуі тікұшақпен Чаме ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізілді. Тағы алты адамның денесі сол ауданның Пху ауылына апарылды.
Мананг ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары Кришна Прасад Пауделдің айтуынша, табиғи апаттан кейін хабар-ошарсыз кеткен 16 адамның 15-інің денесі табылған. Соңғы жоғалған адамның жеке заттары анықталғанымен, өзі әлі табылмаған.
Биіктігі 7126 метр Химлунг-Химал шыңындағы базалық лагерьде екі экспедициялық компанияның таулы аймақтағы гидтері мен асхана қызметкерлерін қоса алғанда, 16 адам болған. Олар жексенбі күні таңертең лагерьлерді дайындап, арқандарды бекіту үшін сонда барған кезде қар көшкіні жүрген.
Кришна Прасад Пауделдің мәлімдеуінше, соңғы хабар-ошарсыз кеткен адамды іздеу жұмыстары 2 қазанда жалғасады.