Мексикадағы бүліктен 14 адам қаза болды
Жаппай тәртіпсіздік жайлаған Мексикадағы жағдайды әскерилер бақылауға алды. Елде мектептер жабылды.
Қоғамдық көліктер, сондай-ақ кейбір әуежайлардың жұмысы тоқтатылды. Жергілікті билік азаматтарды жағдай тұрақталғанға дейін үйден шықпауға шақырады. Естеріңізге салайық, бұған дейін Мексика билігі елдегі ең ірі әрі қатыгез қылмыстық топтардың бірін басқарған Немесио Сервантестің көзін жойғанын мәлімдеген еді. «Эль Менчо» лақап атымен әйгілі ол есірткі синдикатының жетекшісі ретінде халықаралық деңгейдегі іздеуде болған. Сервантестің өлімінен кейін картель содырлары елдің сегіз штатында бүлік шығарды. Автокөліктерді өртеп, жолдарды жауып, қауіпсіздік күштерімен қақтығысты. Алдын ала мәліметтер бойынша, 14 адам опат болды. Олардың қатарында Ұлттық ұланның 7 әскери қызметкері бар.