АҚШ-та 5 мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылды
АҚШ-тың солтүстік-шығыс өңірі қарлы дауылға тап болды. Күн райының қолайсыздығына байланысты бес мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылды.
Қалың қар, әсіресе, Нью-Йорктегі Джон Кеннеди және Лагуардия атындағы әуежайлардың жұмысын тұралатты. Штат билігі төтенше жағдай жариялады. Мектептер мен мемлекеттік мекемелер жабылып, қоғамдық көлік қозғалысы шектелді. Ұлттық метеорологиялық қызметтің болжамына сенсек, АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы кейбір аудандарда алдағы күндері 60 сантиметрге дейін қар жаууы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғаттың тосын мінезімен 54 млн адам бетпе-бет келуі мүмкін.