Грузия еңбек нарығын бақылауды күшейтті
Бұдан былай Грузияда шетел азаматтары курьер, таксист және гид қызметін атқара алмайды. Билік еңбек нарығын бақылауды күшейтіп жатыр.
Былтыр елден заңсыз жүрген 1300-ден астам өзге мемлекет азаматы шығарылды.
1-наурыздан бастап Грузияда шетелдік азаматтардың қызметін реттейтін «Еңбек көші-қоны туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді. Биыл ел билігі 4 мыңнан астам заңсыз иммигрантты депортациялауды жоспарлап отыр. 2026 жылдың алғашқы екі айында ғана 400-ден астам адам елден кетті.
Ираклий Кобахидзе, Грузия премьер-министрі:
- Біз өз азаматтарымыздың мүдделерін, олардың еңбек құқықтарын қорғауымыз керек. Бұл кез келген ел ұстанатын тәжірибе. Біз шетелдіктерді жұмысқа орналастыру мүмкін және рұқсат етілмейтін салаларды анықтадық. Мұндай шешім өз азаматтарымызға еңбек нарығында артық бәсекелестік туғызбау үшін маңызды.
Жаңа ережелерге сәйкес, Грузияда жұмыс істеу үшін шетелдіктерге алты айдан бір жылға дейін арнайы рұқсат қажет болады. Ал IT саласының қызметкерлеріне 3 жылға дейін рұқсат берілуі мүмкін. Құжатты электронды және ақылы түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік агенттігі береді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған шетелдіктер құжаттарды өз бетінше тапсырады.
Мариам Кулиашвили, заң компаниясының менеджері:
- Өзге мемлекет аумағында, бірақ грузин компаниялары үшін немесе грузин келісімшарттары бойынша қызмет ететін азаматтар міндетті түрде жұмыс істеуге рұқсат алуы керек. Ал Грузия аумағында еңбек ететіндер рұқсат алып қана қоймай, 10 күн ішінде тұрақты тұруға өтініш беруге тиіс.
Егер шетелдік азамат грузин компаниясында жұмыс істесе, рұқсатты жұмыс беруші рәсімдейді. Ол үшін бос орын алдымен жергілікті нарықта жарияланады. Егер 10 күн ішінде Грузия азаматтарының арасынан үміткер табылмаса, компания шетелдікті жалдауға құқылы болады. Жұмыс берушілер жалдамалы қызметкерлерді көші-қон порталы арқылы тіркейді, осыдан соң еңбек етуге рұқсат рәсімдейді.
Авторлары: Мөлдір Жақан, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили