Өзбекстанда қазақ бидайы мен май өнімдеріне сұраныс көп
Қазақстанның күнбағыс майын өндірушілері 2050 жылға қарай Орталық Азия нарығына 2 млн тонна өнім экспорттауды көздеп отыр.
Қазіргі көлем 750 мың тонна шамасында. Дүниежүзілік банктің есебінше Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінде күнбағыс майына деген сұраныс жыл сайын арта береді. Биыл Қазақстанның астығына да көрші елдер тарапынан қызығушылық жоғары.
Өзбекстан Қазақстанның күнбағыс майын сатып алушылардың көшін бастап тұр. Былтыр көрші ел шеттен 600 мың тоннаға жуық өнім импорттаса, оның 98 пайызы Қазақстан өнімі. Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулер көрсеткендей 2050 жылға қарай Орталық Азия елдерінің май өнімдеріне деген жылдық сұранысы 2 млн тоннаға таямақ.
Андрей Антонов, Қазақстан май өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры:
- Климаттық жағдайларға байланысты Өзбекстан өзін май өнімдерімен қамтамасыз ете алмайды. Демек импортқа тәуелді. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, өнімдерімізді Өзбекстанға сатамыз. Негізінен күнбағыс майы мен малға берілетін жоғары сұрыпты қоспаларды экспорттаймыз. Қазақстан былтыр млн тоннаға жуық май өнімдерін сатты. Алдағы уақытта көрсеткішті көбейту жоспарланып отыр.
Өзбекстан жыл сайын біздің елден 4 млн тоннаға жуық бидай сатып алады. Мамандардың айтуынша, биылғы көрсеткіш сол шамада болмақ.
Алишер Махмудов, Өзбекстан астық тасымалдау компаниясының басшысы:
- Әр өзбек отбасының дастарханындағы нан қазақстанның сапалы ұнынан жасалған. Себебі көрші елдің ұны брендке айналған. Үй шаруасындағы әйелдерден бастап, ірі нан өнідушілерге дейін сапалы өнімді қалайды. Ал сапалы өнім әрине сіздерден келеді.
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін тағы бір тартымды нарық - Ауғанстан. Отандық бизнес өкілдері ол жаққа бидай мен май өнімдерінің тасымалын арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Ауғанстан үкіметі үшін де делдалсыз, қазақстандық кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істеген тиімді болмақ.
Авторы: Дулан Нуркин