Қазақстандықтар елге оралып жатыр
Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан елге тағы 314 отандасымыз эвакуацияланды.
Бүгін Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен Оман арқылы Араб Әмірліктерінде оқып жүрген студенттер, саяси ахуалға байланысты елге қайта алмай қалған туристер мінген ұшақ Алматы халықаралық әуежайына қонды.
Эвакуациялық ұшақ Алматыдан Оманға кеше сағат 20:30-да аттанған. Қайтып келу уақыты шамамен таңғы сағат 05.30-ға жоспарланды. Бірақ ұшып шығуға рұқсат алу, жолаушыларды тіркеу шараларына байланысты ұшақ кешігіп, бүгін түс қайта әуежайға келіп қонды.
Сәндеш Ахатова, жолаушы:
- Әрине, шаршадық , күні бойы отырдық. Оманда жүргенде балалар жылады. Әрине, қиын болды. Атқылап жатқандарын кішкене көрдік.
Отандастарымыз әуелі Оманға автобуспен 12 сағат жүріп келген. Маскатқа жетіп, сол жерде эвакуациялық ұшақты күткен.
Карима Мурафиева, жолаушы:
- Өміріміз қандай болады екен? Біз қалай елімізге жете алады екенбіз? Елімізді көре алады ма екенбіз деген қатты үрейде болдық. Аллаға шүкір, сансыз шүкір, Қазақстанымызға келгеннен кейін жарқыраған өмірді көріп отырмыз. Өзіміздің елімізге жететін ел ешқайда жоқ.
Күлбибі Сағымбекова, жолаушы:
- Қазақстанның басшылығына рахмет. Дубайдағы елшіліктің жігіттеріне рахмет! Барлық жағдайды жасап, жатын, тамақ орындарымен қамтамасыз етті. Барлық жағдайды жасап, бізді сол жерден алып шықты. Бүгін елімізге оралдық.
Эвакуациялау барысында бірінші кезекте балалы жолаушылар, қарт адамдар, мүгедектігі бар азаматтарға басымдық берілді. Жалпы саны Оманнан 314 адам арнайы ұшақпен елге жеткізілді.
Жанар Советова, жолаушы:
- Негізінде біз екінші рейсқа қаламыз ба деп тұрғанбыз, өйткені адам көп болды. Сонымен қоса біздің артымызда да қаншама адам қалды. Бірінші рейске бала-шағамыз болғаннан кейін, оның үстіне баламыз екі жаста ғана, 5 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге көмек болды. Соның арқасында біз бірінші рейске ілігіп кеттік.
Алматы әуежайында отандастарымызды туыстары, достары күтіп алды. Сондай-ақ көмек қажет болған жағдайда жедел жәрдем қызметі де ұйымдастырылды.
Жанат Төлеубеков, жолаушы:
- Үлкен уайым болды, өйткені отбасымен барғаннан кейін қалай жетеміз деп ойладық. Мемлекет тарапынан үлкен көмекті жақсы сездік. Алғысымызды айтамыз. Тегін автобус ұйымдастырды.
Бұл бүгінге Таяу Шығыстан елге келген үшінші ұшақ. Таңертең Сауд Арабиясының Медина мен Джидда қаласында жүрген 321 отандасымыз келген. Енді Оман елінен тағы 230-ға жуық Қазақстан азаматы елге жеткізіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев