Кореяда бензин және дизель отыны қатты қымбаттап кетті

Оңтүстік Кореяда Таяу Шығыстағы қақтығыстан бензин мен дизель отынының бағасы шарықтады.

Себебі мемлекеттің өз мұнай кен орындары жоқ. Ал шикізаттың басым бөлігін Ормуз бұғазы арқылы тасымалдайды. Сарапшылар жанар-жағармай бағасының қымбаттауы барлық тауарлар мен қызметтердің бағасына әсер етеді деп отыр.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда бүгін 1 литр бензиннің бағасы 2 мың вонға дейін қымбаттады - бұл шамамен 667 теңге. Жанармай бағасы үшінші күн қатарынан өсіп келеді, тәулігіне шамамен 30 вонға немесе 10 теңгеге қымбаттауда. Бұл елге мұнайдың шамамен 70 пайызы Таяу Шығыстағы Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Ирак және Катардан жеткізіледі. Ал оның 95 пайыздан астамы Ормуз бұғазы арқылы тасымалданады. 

Кеше жанармай құю бекеттерінде ұзынсонар кезектер байқалды. Жүргізушілер ескі бағамен көліктерін толтырып алуға асықты. Бүгін ондай дүрлігу байқалмайды өйткені кей жүргізушілер көліктерін үйде қалдырып, қоғамдық көлікке ауысқан.

Со Ён Сок, жанармай құю бекетінің директоры:

- Ормуз бұғазының жабылуына байланысты мұнай өңдеу компаниялары шикізатты Қызыл теңіз арқылы айналып жеткізуге мәжбүр. Бұл жол ұзағырақ болғандықтан шығын көп. Сол себепті елдегі төрт ірі мұнай өңдеу зауытында жанармай бағасы бірден көтерілді. Қазір бензин мен дизель отыны 10 пайыздай қымбаттады.

Ел президенті Ли Дже Мён жанармай бағасының шекті деңгейін белгілеп,  жанармай құю бекеттері арасында баға келісімі бар-жоғын тексеруді тапсырды. Өйткені бензин сататын компаниялардың қорында әлемдік баға күрт көтерілгенге дейін сатып алынған жанармай бар. Үкімет сондай-ақ мемлекет пен жеке сектордың айтарлықтай қоры барын айтып, азаматтарды сабырға шақырды. Тіпті Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылған жағдайда да, ол 200 күннен астам уақытқа жетеді. Дегенмен жанармай бағасының қымбаттауынан логистика шығындары артып, бағалардың қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Чой Ги Ён, жүргізуші:

- Мен жолаушылар тасымалымен айналысамын. Егер осылай жалғаса берсе, шығынға батып, жұмыс істеу тиімсіз болады. Мысалы, қазір бұрынғы бағамен бөлінген қаражат бір апта емес бес күнге ғана жетеді. Осыған дейін 75 литр бензин құйсам қазір 10 литрге аз шығады.

Егер Таяу Шығыстағы жағдай жақын арада тұрақтанбаса, Оңтүстік Корея үкіметі көлік қозғалысын шектеу шараларын енгізуі мүмкін. Соның бірі «жұп және тақ күндер» жүйесі, яғни мемлекеттік номерінің соңғы санына қарай белгілі күндері ғана көлікпен жүруге рұқсат беріледі. 

Владислав Цой, тілші:

- Экономиканың мұнай импортына тәуелділігін азайту үшін үкімет электромобиль сатып алуды ынталандыруды жалғастырады. Елде экологиялық таза көліктерді алуға субсидия қарастырылған. Егер 2023 жылы Оңтүстік Кореяда шамамен жарты миллион электрмобиль тіркелсе, биыл олардың саны 800 мыңнан асты, ал келесі жылдың соңына қарай бір миллионға жетуі мүмкін. 

Владислав Цой, Ольга Лян