Анкара Солтүстік Кипрге әскери күш жіберді 

Аймақта ахуалдың ушыға түсуі себепті Түркия Солтүстік Кипрде әскери күшін нығайтып жатыр. Аралға алты F-16 жойғыш ұшағы мен әуе қорғаныс жүйелерін жіберді. 

Мұны Түрік Қорғаныс министрлігі хабарлады. Түркия билігі қажет болса, аралдағы әскерін одан әрі күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Ал Солтүстік Кипр Түрік Республикасының премьер-министрі Үнал Үстел бұл қадам қорғаныс шарасы екенін айтып, Грек-Кипр тарапының қатаң сынына қарсы ресми мәлімдеме жасады. Бұған дейін Кипрдің грек бөлігіндегі Пафос әуежайына Грекия әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары қонғаны хабарланған.

Үнал Үстел, Солтүстік Кипр Түрік республикасының премьер-министрі:

- Түркияның қабылдап жатқан шаралары соғысқа дайындық емес. Бұл Кипр түрік халқының қауіпсіздігін күшейтуді көздейді. Анкара қорғаныс мақсатында осындай қадамға барып отыр.