Орталық Азияда су тапшы

Орталық Азияда биылғы вегетациялық маусымда су қоры жылдағыдан 40 пайызға кем болады.

Әмудария мен Сырдария өзендерінен келетін тіршілік нәрі су қоймаларын тиісті мөлшерде толтыра алмады. Демек жаз құрғақ болса, шаруалар қауымын үлкен сынақ күтіп тұр. Су мамандары жауын көп мөлшерде жауса ғана, жағдай тұрақталады-деп отыр.

Биыл Әмудария мен Сырдариядан келетін су мөлшері жылдағыдан 40 пайызға аз. Сала мамандары оның себебін табиғи жағдайлармен байланыстырады. Климаттың өзгеруінен тау мұздықтары жылдам еріп, жылдан жылға азайып жатыр. Егер жағдай жалғаса берсе, ауыл шаруашылығын былай қойғанда, ауыз суға зәру болып қалу қауіпі жоғары.

Вадим Соколов, Халықаралық «Аралды құтқару» қорының агенттік жетекшісі:

- Мәселен, Қарақалпақстан мен Хорезм аймағында ауыз судың 80 пайызы жер үстіндегі су көздерінен алынады. Егер тіршілік нәріне тапшылық болса, жағдай тіпті қиындайды. Әрине су кодексіне сәйкес алдымен халықты ауыз сумен қамту басты мақсат. Ал суармалы алқаптар екінші орынға түседі. Бірақ ауылшаруашылық өнімдері шықпай қалса, экономика құлдырайды. Сондықтан бұл жерде кешенді шаралар жасалуы тиіс.

Әлбетте Орталық Азия елдері су мәселесінде жұмыла жұмыс істеуге мүдделі. Ведомства аралық кездесулерде тіршілік нәрін ортақ бөлу, оны мейлінше үнемдеу тақырыбында ортақ пікір қалыптасқан. Іске асып жатқан біріккен жобалар да бар.

Ділбар Мамажонова, Өзбекстанның Олий Мәжіліс депутаты:

- Әлемнің көптеген елдерінде су тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Орталық Азияда жыл сайын тіршілік нәрінің жетіспеушілігі сезіліп жатыр. Қазір көрші мемлекеттердің жауапты ведомствалары бірігіп әрекет етуге көшті. Біз заң тұрғысынан қолдауға дайынбыз.

Егер трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азая берсе, Арал мәселесі күрделене түспек. Ғалымдар бар үміт жауын-шашынның мол түсуінде  деп отыр. Ал ауа райын болжаушылар болса, биылғы жаз айлары Орталық Азияда құрғақ, әрі аптап ыстық күндермен есте қалатынын ескертеді.