Пәкістан электр қуатын үнемдеуге көшті
Ел билігі әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты жаңа шара қабылдайды.
Бұл туралы премьер-министр Шехбаз Шариф мәлімдеді. Оның айтуынша, өзгерістер алдымен білім беру саласында болады. Мектептер екі аптаға жабылып, жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшіріледі. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелердегі жанармай шығыны 50 пайызға қысқартылмақ. Жұмыс тәртібінде де бірқатар өзгерістер болады. Енді кеңселер төрт күндік форматқа өтеді. Ал қызметкерлердің тең жартысы қашықтан жұмыс істейді. Бұдан бөлек шенеуніктердің шетелдік сапарлары мен сатып алуға жұмсалатын бюджет шығындары да шектеледі.