АҚШ консулдық қызметкерлерін эвакуациялап жатыр

АҚШ Түркияның Адана қаласындағы бас консулдығының дипломатиялық қызметкерлерін эвакуациялап жатыр.

Бұл төтенше міндеті жоқ қызметкерлер мен олардың жақындарына қатысты. Сондай-ақ америкалық азаматтарға Анкараға бармауды, әсіресе Таяу Шығыс елдерімен шекаралас жатқан 22 провинцияға сапарламауды ескертті.

Таяу Шығыстан тыныштық кеткелі Түркияның оңтүстік-шығыс аймағында да ахуал күрделене түсті. Өйткені Анадолының оңтүстік‑Шығысы Иран, Ирак және Сирия шекараларына жақын орналасқан. Сол себепті бірқатар ел сақтық шараларын іске қосып жатыр. АҚШ билігі де қарап қалған жоқ. Америка үкіметі алдымен, Түркияның оңтүстік-шығыс аймақтарына қатысты қауіпсіздік ескертуін күшейтті. Түркияда жүрген немесе сол аймаққа баруды жоспарлаған америкалықтарға оңтүстік-шығыс Анадолыдағы 22 өңірге сапар шегуден бас тартуға шақырды. Бұдан бөлек Адана қаласындағы АҚШ-тың Бас консулдығының қызметкерлері мен олардың жақындарын өңірден эвакуациялау туралы шешім қабылдады. АҚШ-тың Анкарадағы елшілігі таратқан мәліметке сәйкес, төтенше міндеті жоқ дипломатиялық қызметкерлер өңірден уақытша шығарылып жатыр. Шешім аймақтағы қауіпсіздік жағдайының күрделене түсуіне байланысты қабылданған. АҚШ Мемлекеттік департаменті Түркия бойынша жалпы саяхат ескертуін бұрынғы деңгейде қалдырғанымен, елдің оңтүстік-шығыс аймақтарына қатысты ескертуді ең жоғары 4-ші деңгейге дейін көтерді. Бұл талап америкалық азаматтарға бұл өңірлерге бармау мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды көздейді. Ал аймақта жүрген АҚШ азаматтарына жағдайды мұқият бақылап, қажет болған жағдайда өңірден кету жөнінде кеңес берілген. Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі бірқатар елдің өз азаматтарына қауіпсіздік ескертулерін жариялауына себеп болды.

Авторы: Ә.Нұрлыбаева